ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мұнайдан түсетін кіріске тәуелділікті азайтады – вице-министр

(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM - Үкімет өкілдері Ақтөбе облысының бизнес-қауымдастығымен Салық кодексіне енгізілген түзетулер туралы талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

  Құрамында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов кірген жұмыс тобы 250-ден астам қатысушының басын қосты, кездесуге кәсіпкерлер, мәслихат пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы Үкіметтің ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерін белгілеу: 16%, 10%, 0% және босату жөніндегі ұсыныстарын талқылау болды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені үшін ҚҚС-ты толығымен алып тастау және денсаулық сақтау мен коммерциялық медицина салалары үшін 10%-дық аралық мөлшерлемені енгізу бойынша ұсыныстар қарастырылды.

- Біз 2023 жылдан бері ұсыныс ретінде айтып келе жатқан 0% және 10% сараланған мөлшерлеме тұжырымын қабылдағанымызға разымыз. Сіздер әзірге медицинаға 10% деп отырсыздар. Басқа нұсқалар болады ма, әлде біз қазір кімді қосуға болатынын ұсына аламыз ба?, — деп сұрақ қойды «Атамекен» палатасы Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің қаржылық қызмет кіші секторының басшысы, кәсіпкер Виктория Исарова.

Ұлттық экономика вице-министрі бұл мәселеде ҚҚС бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екенін түсіну маңызды екенін атап өтті.

- ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босатуды ұсынамыз. Қазіргі уақытта шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді және біз оны солай қалдырамыз. Ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар қажетті соманың 30%-ын төлейді. Енді олар бұл салықтан босатылып, картоп, қызанақ, пияз және қырыққабат сияқты басқа да өнімдерді бәсекеге қабілетті етеді. 10%-дық мөлшерлеме кімге қатысты беріледі деген сұрақ қосымша талқылауды қажет етеді. Сондай-ақ біз денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшерлемені ұсынамыз. Барлық ұсыныс жинақталып, талқыланады, содан кейін барып Сіздермен бірлесіп шешіледі, — деді Бауыржан Омарбеков.

Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар үшін қаржы институттары, ЕДБ, «Атамекен» палатасы және басқа да ұйымдар өкілдерінен консультациялар ұйымдастырылды, бұл кәсіпкерлерге қосымша түсіндірмелер мен кеңес алуға мүмкіндік берді.

Осыған дейін Үкімет ҚҚС 16% болса, әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төлеу өзгеріссіз қалатыны туралы айтты.  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT