ҚҚС мөлшерлемесін арттыру: Медицинадағы жоғары мөлшерлеме медкөмекке қол жеткізуді қиындатуы мүмкін

(0 Votes)

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдері ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновпен кездесті.

Жиында алдағы салық реформалары, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру мәселелері талқыланды. Басқосуға әкімдіктің, мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері және мәслихат депутаттары қатысты.

Кездесуді ашқан Кәсіпкерлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова Президент салық жүйесіне қатысты өзгерістерді әзірлеу кезінде бизнестің пікірін ескеруді тапсырғанын еске салды. Қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов кәсіпкерлік пен экономиканы дамытуды қолдауға мүмкіндік беретін теңдестірілген тәсілдің маңызын атап өтті.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов Үкіметтің ұсынымдарын таныстырды.

- Қазақстандағы ҚҚС ең төмен мөлшерлемелердің бірі. ҚҚС табыстың маңызды көзі болып саналатынына қарамастан, 2022 жылы оның үлесіне ЖІӨ-нің тек 4%-ы ғана тиесілі болды, бұл салыстырмалы кіріс деңгейі 7% болатын елдер бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен. ҚҚС-ты нығайту кірісті арттырып қана қоймай, мұнайдан түсетін құбылмалы кірістерге тәуелділікті азайтады және еліміздің инфрақұрылым мен индустрияны дамыту бағдарламасын қаржыландыруға көмектеседі, — деді вице-министр.

Мемлекеттік органдар ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесін 16%-ға дейін ұлғайтуды, ал бірқатар салалар үшін төмендетілген мөлшерлемені 10%-ға енгізуді ұсынады, алайда мұндай салалардың нақты тізбесі әлі нақты айқындалмаған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді салықтан толығымен босату жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау саласы үшін де салық жүктемесін азайту қарастырылуда.

Кездесу барысында кәсіпкерлердің салалық кеңестерінің өкілдері бизнес атынан сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Атап айтқанда, Шымкент қаласы ӨКП Өңірлік кеңесінің мүшесі, «Керемет-Оңтүстік «бөбекжай бағы» ЖШС басшысы Диана Қараманова әлеуметтік мекемелерді ҚҚС-тан босатуды немесе қызметтердің қолжетімді болуы үшін салықтық жеңілдіктер беруді ұсынды.

«Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жеке клиникалар қауымдастығының» басшысы Әнуарбек Маймақов медицинадағы жоғары мөлшерлеме медициналық көмекке қол жеткізуді қиындатуы мүмкін екенін айтты.

Салалық кеңес мүшесі Дәулет Қанашаев Салық және Кәсіпкерлік кодекстеріне өзгерістер енгізу кезінде жеңіл өнеркәсіптің ерекшеліктерін ескерудің маңызын атап өтті.

Қорытындылай келе, вице-министр Бауыржан Құдайбергенов барлық ұсыныстар жинақталып, сарапталып, жұмыс барысында ескерілетініне сендірді.

Еске салсақ Үкімет ҚҚС мөлшерлемесіне қатысты жаңа ұсыныс айтқан еді. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT