Кітапхана – рухани жаңғыру ордасы

Кітапхана – рухани жаңғыру ордасы
(0 Votes)

Мемлекетіміздің стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асы­руда, жаһандық әлемге қадам басқан өресі биік оқырманның ақпараттық сұранысын қанағаттандыруда кітапханалық қызметті әдістемелік қамтамасыз ету - өзекті іс. Ақпарат алудың құралы мен тәсілдері дамыған қазіргі ақпараттық технологиялық заманда кітапханалардың да заманауи рөлі ерекше. 

Махамбет аудандық орталықтан- дырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 12 кітапхана сонау отыз сегізінші жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді. Оның біреуі аудандық, біреуі балалар, оны – ауылдық кітапханалар. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі оқырмандарына ыңғайлы орта қалыптастыруға жұмыс істеп келеді. Оқырмандарға кітап оқуға жағдай жасалған. Оқырмандар ыңғайына қарай кітапты алып немесе электронды кітапты оқуға болады. Бүгінде 281533 кітап қоры бар. Кітапхана жылына 2000- ға жуық жаңа әдебиетпен толыққан. Кітапхананың тұрақты 12 000-ға жуық оқырманы бар. Онда «Ақпараттық- библиографиялық», «Оқырмандарға қызмет ету», «Кітап қорын толықтыру және өңдеу» бөлімдері қызмет етеді.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына орай аудандық кітапханада WEB-RABIS кітапханалық бағдарламасы 2019-шы жылдан ба­стап іске қосылған болатын. Бүгінгі күні жалпы кітапхана қоры аталған бағдарламаға тіркелуде. Осы жылы кәсіби (Optima_A2) сканер аппараты алынып, сандық форматқа кітапхана қорынан бірнеше кітаптар енгізілді. Атап айтар болсақ, авторлық келісім- шарт жасау арқылы Қ.Смадияр «Ауст­ниязовтар әулеті», С.Бердімұратов «Сезім саздары», Қ.Есқалиев «Намыс жасы», Қ. Қазымбекұлы «Жайықтың бойын жайлаған», Е.Баят «Арда туған ақиық» кітаптарының электронды нұсқасын оқуға болады. Қазіргі күнде басқа да кітаптар сандық форматқа енгізуге дайындалуда.

Кітапхананың бұрынғы оқырмандары кітап оқудан қол үзбейді. Кітап берілімі де жыл сайын артуда. Жас оқырмандарымыз компьютермен сандық нұсқаға көшкен кітапты оқуды қалайды. Ол үшін бізде жағдай жасалған. Негізінен кітапханаға кел­ген әрбір оқырман кітапты қолына алып, парақтап отырғаны жан дүниесін байытқаны деп білеміз. «Кітап – өмірлік ұстаз, рухани қазына» деп бе­кер айтылмаған ғой. Заман ағымымен цифрлық кітапқа көшірілгенімен қағаз кітаптардың кітапхана үшін орны бөлек болып қала береді. Де­генмен, болашақта электронды кітап оқырмандар үшін де, кітапханашыларға да оқытудың ажырамас бөлігіне айна­лары сөзсіз.

Махамбет аудандық орталықтан- дырылған кітапханалар жүйесі оқырмандарға ақпараттық қызмет көрсетумен қатар кітапханашылар жұмыстың жаңа әдіс-тәсілін енгізе оты­рып, көптеген мәдени шаралар өткізу арқылы кітап қорын оқырмандарға на­сихаттап келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы, «Мемлекеттік тілді қолдау мен дамыту», «Салауатты өмір салтын қалыптастыру, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» шаралары оқырманға насихатталды.

Сондай-ақ, туған өлкемізден шыққан қаламгерлердің, өлкетанушылардың еңбектерін, жергілікті баспасөз беттеріне шыққан материалдар­ды сандық форматқа өткізе оты­рып, оқырмандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Менің өлкем» электронды жобасы жұмыс істеп келеді.

Рухани құндылықтарды жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, оқырманмен белгілі тұлғалар арасын жақындастыру мақсатында «Келбет» жобасы жұмыс жасайды. Осы жоба биыл өз жұмысын 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған асуын­да от кешкендер» атты Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кешімен бастаған.

Одан әрі халықаралық және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Махамбет ауданының Құрмет- ті азаматы Жәниба Қарасайқызының шығармашылығына арналған «Ару ақын асулары» атты кездесу кеші, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, жерлес журналист Тарас Наурызәлімен «Ақынның мерейлі келбеті» сұхбат кеші, Махамбет өңірінен шыққан жерлесіміз, арда­гер спортшы, қол күресінен үш дүркін Азия чемпионы, үш дүркін әлем чем­пионы Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері Молдашева Рахия Әділгерейқызымен кездесу кеші өтті.

Оқырмандардың әдеби мұраларға деген талғамын тәрбиелейтін, рухани дүниесін кеңейтіп, ұлттық сана-сезімін дамытуға ықпал жасау және жерлес ақындардың шығармашылығын наси­хаттау мақсатында «Жыр жауһары» клубы жұмыс істейді.

Осы клуб жұмысының аясын­да қазақ ақыны, халық жазушысы, журналист Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай “По­эзия падишасы” әдеби кеші өтті.

Өткен жылы қазақ өнері мен мәдениет саңлағы, театр тарланы, кино актері Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұловтың аудандық кітапханаға келуі біз үшін ерекше кездесу бол­ды. Кездесуде театр майталманы оқырмандардың қойған сауалдарына байсалды түрде жауап берді. Ол театр- мәдениет ошағы, өнер ордасы екендігін еске сала отырып, өнер білектің емес, жүректің ісі екендігін тілге тиек етті. Күні бүгінге дейін құндылықтарын жоймай, болашақ ұрпақты руха­ни біліммен қаруландырып келе жатқан жаңа әдебиеттерді үзбей насихаттаудағы кітапханашылардың жұмысына шығармашылық табы­стар тілей отырып, сөзінің соңында қазақтың біртуар тұлғасы, ақын Ма­хамбет Өтемісұлының «Жалғыздық» өлеңін оқыды.

Оқырмандарға ақпараттық қызмет көрсетумен қатар кітапханашылар жұмыстың жаңа әдіс-тәсілін енгізе оты­рып, көптеген мәдени шаралар өткізу арқылы кітап қорын оқырмандарға насихаттап келеді. Яғни осы жыл дың басында «Кітап оқу – әлемді ашатын кілт» кітап оқу челленджін бастаған болатынбыз, жобаны жыл аяғында қорытындылайтын болады. Сондай- ақ «Ата Заңым-ардақтым» атты тақырыптық кеші, ұстаздар күніне орай өткен “Қазақша quiz” интеллек­туалды ойыны өтті. Кітапхана аудан көлеміндегі қоғамдық ұйымдар мен мекемелермен іскерлік байланыста және аудан көлемінде өтетін мәдени шараларға да белсене атсалысады. Сондай-ақ балалар кітапханасында “Отбасымен бірге оқиық”, “Кітаппен өткен жаз қызық”жобасы аясында түрлі шаралар өтуде. Республикалық “Бір ел - бір кітап” акциясы жазушы Бердібек Сақпақбаевтың, өңірлік «Бір өлке – бір жазушы» акциясы аясын­да Нұралы Әжіғалиев шығармалары оқырмандарға насихатталуда. Ауыл- дағы кітапханалар жұмысына бағыт- бағдар беріп, әдістемелік көмек көрсету мақсатында іссапарлар ұйымдастырылады, аудандық кітап- ханашылар арасындағы тәжірибе ал­масу мақсатында семинар-кеңестер өтіп тұрады.

Әбіш Кекілбаев атамыздың: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын»-деп бекер айтпаса керек. Рухани білімнің, руха­ни мәдениеттің ордасы – кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жойған емес. Кітапханашы да осы киелі орданың мәртебелі иесі болып қала бермек!

Баршагүл МЕЙРАМОВА,

аудандық кітапхана әдіскері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT