«Харекет» қайырымдылық қоры “1000 теңгеге баспана” акциясымен ауданымыздағы көп балалы отбасына үй сыйлады.
Доссор кентінің тұрғындары Айбар Есенов пен Алмагүл Нұрлыбаева бірнеше жылдан бері пәтер жалдап келген болатын. Оның үстіне бес бала тәрбиелеп отырған отбасының тұңғыш қызы бала жастан мүгедек. Тағдырдың тауқыметіне төтеп берген бұл отбасы бүгін үлкен қуанышқа кенеліп, облыс бойынша қордың 11-ші пәтеріне ие болып отыр.
Тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыс ету шарасына Атырау облысы бойынша «Харекет» қорының өкілі Адила Құсайынова және Доссор кенті орталық мешіттің бас имамы Елдос Мүсілімұлы арнайы келіп құттықтап, пәтердің лентасын қиды. Е.Мүсілімұлы мешіт жамағаты атынан отбасыға кілем тарту етсе, А.Құсайынова қор атынан естелік сыйлық табыстады.
Бұл отбасы аталмыш қорға өткен жылдың желтоқсан айында өтініш білдірген екен. Сол уақыттан бері тұрмыс жағдайы тексеріліп, ақша жиналып, пәтер кілті табысталып отыр. Осылайша аудан бойынша «Харекет» қорының алғашқы үйі де табысталды. Жүректерді елжіреткен бұл жаңалыққа бүкіл ауыл тұрғындары да бірге қуанды.
Айта кетейік, «Харекет» қайырымдылық қоры арқылы республика бойынша бүгінгі күнге дейін 111 отбасы баспаналы болса, оның 11-і Атырау облысынан.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
суреттер автордікі