Әлемдік нарықта мұнайдың, бағалы металл саналатын алтынның, уранның ықпалы ерекше екені белгілі. Тіпті, оларды тіршілік көзі ретінде адамзат құндылықтарының қатарына жатқызуға болатындай. Дегенмен дүниежүзінде қымбатқа бағаланатын қазбалар бұнымен шектелмейді, көпшілік атын біле бермейтін жүздеген металл бар. Осы тұста Kazinform тілшісі Қазақстанда сирек кездесетін металдардың қанша қоры барын, әлемде оның рөлі несімен маңызды екенін зерделеп шықты.
Кейінгі айларда әлемдік саясат ареналарында сирек кездесетін металдар жайлы тым көп айтылып кетті. Мәселен, АҚШ Украинаның кен орындарын игеруге мүдделі, ортақ қор құрып, табысын бөліске салғысы келеді. Дегенмен Ақ үйде өткен кездесуде В.Зеленский мен Д.Трамп келісімге келе алмады. Алдағы уақытта да талқылаулар ұзаққа созылуы мүмкін.
Тіпті, Ресейде де сирек кездесетін металдардың көптігі тілге тиек болуда. Ал бұл тұста Еуропа Одағы елдері Украинамен бұрыннан сирек кездесетін металдар туралы келісімдері барын еске салып қойды. Барлық оқиғаны бағамдайтын болсақ, келешекте дүниежүзінде сирек кездесетін металдардың құны жоғарылап, маңызы арта беретінін түсіне аламыз.
сирек металл
Дегенмен қазір әлемдегі сирек кездесетін металдар нарығындағы көшбасшылар қатарында Украина да, Ресей де жоғын байқадық. MetalResearch мәліметінше, 2024 жылдың екінші жартысындағы жағдай бойынша Қытай, Малайзия және АҚШ алда тұр.
Қазақстанда да бағалы қазбалардың қоры жетерлік. 2024 жылғы жағдай бойынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің геология комитеті елде 6 түрлі металдың базасы көп екенін жариялаған, олар – вольфрам (2,4 млн тонна), молибден (1,1 млн тонна), литий (75,6 мың тонна), тантал (4,6 мың тонна), ниобий (28,1 мың тонна) және бериллий (68,8 мың тонна).
Алайда бұл сандар республика аумағындағы сирек металдар қорының шегін білдірмейді. Әлі де зерттеліп жатқан, ашылып жатқан кен орындары өте көп. Мысалы, былтыр мамырда геология комитеті ең негізгі 15 қор Түркістан (8), Маңғыстау (5), Қостанай (2) облысында екенін жариялаған.
Ал көп ұзамай 2024 жылдың қазанында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сирек металл, соның ішінде вольфрам, молибден және литий қоры бар 100-ден астам кен орны анықталғанын хабарлады. Алдағы уақытта литий мен басқа да сирек металдарға сұраныс екі есе артады деп болжануда. Яғни, бағасы да өседі. Әсіресе, кобальт металы 70%-ға қымбаттауы мүмкін.
Баға дегеннен шығады, сирек кездесетін металдардың бәрін алтыннан қымбат деп ойлауға болмайды. Тым бағалылары санаулы, мәселен, ашық дереккөздерде Осмий-187 металының 1 грамы 10 мыңнан 200 мың долларға дейін, ал калифорний-282-нің 1 грамы 27 млн долларға саудаланатыны жазылған.
Өнеркәсіп министрлігі 2026 жылға дейін 2 млн шаршы шақырымнан астам аумаққа барлау жүргізбек. Әзірге Қазақстан әлемдік экономика үшін ең маңызды 34 металдың 19-ын өндіріп жатыр екен.
2024 жылдың желтоқсанында аталған ведомство тағы 12 учаскеде мемлекеттік геологиялық іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, соның ішінде Күйректікөл учаскесінің қорында лантанидтерді қоса алғанда 800 мың тоннадай сирек кездесетін металдар барын жария етті. Осылайша, жалпы еліміздің минералдық-шикізат базасында 987 қатты пайдалы қазбалардың кен орны есепке алынды. Алдағы уақытта кен орындары мен анықталатын сирек металл қоры көбейе берері даусыз.
Кен орындарына шетелдіктерді араластырған дұрыс па?
Экономикада қолдану бағыттары бойынша металдар қара, түсті және бағалы болып үшке бөлінеді. Техника ғылымдарының докторы, академик Марат Бітімбаевтың айтуынша, «сирек металдар» термині тек ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап қолданылған.
– Жалпы, бағалы металдарды сирек металдар және сирек жер металдары деп екіге бөліп қарастырады. Шетелде сирек металдарды «аз таралған металдар» (Less Common Metals) деп те атайды. Себебі олардың дені сирек кездеседі әрі көбінесе жер қыртысында шашыраңқы, орта есеппен 16 шақырым тереңдікте орналасады. Сондықтан оны шикізаттан бөліп алу, таза күйінде алудың технологиялық қиындықтары бар, – дейді ғалым.
Тау-кен саласы маманының түсіндіруінше, сирек металдардың техникалық кластарға жіктелуі физикалық-химиялық қасиеттерінің жақындығына, өндіріс технологиясының ұқсастығына орай жасалады. Мәселен, жеңіл сирек металдар тобына литий, цирконий, гафний, ванадий, ниобий, тантал, молибден, вольфрам жатса, шашыраңқы топқа – галлий, индий, таллий, германий, селен, теллур, рений кіреді. Ал сирек жер металдары тобына жататындар – скандий, иттрий, лантан, карий, неодим, прометий, еуропий, гадолиний, тербий, диспрозий, гольмий, эрбий, тулий, иттербий, лютеций деп бөлінсе, радиоактивті топқа – фракций, радий, актиний, торий, протактиний, уран, плутоний және зертханаларда адам жасанды түрде жасаған басқа трансуран элементтері, полоний және технеций деген түрлері жатады.
Ғалым елдегі сирек металдар қорына байланысты статистиканы нақты көрсеткішке баламайды. Себебі кен орындарындағы үйінділерде металдар құрамы мен өзге пайдалы қазбалардан ілеспе жолмен алынатын сирек металдар көлемінің есебі толық түгенделмеген. Геологтер литий мен өзге де сирек элементтердің едәуір қорлары Орталық және Оңтүстік Қазақстанның байыту фабрикалары мен кен орындарының және Шығыс Қазақстанның сирек кездесетін металл кен орындарының үйінділері (отвал) мен «үйінді құмдарында» шоғырланғанын айтып отыр. Яғни, металды алу процесі тереңдеп жүргізілмей жатыр.
– Біріншіден, бағалы металдарды барлау үшін елімізде әлі де перспективасы жоғары аумақтар бар. Барлау принципіне орай, ол жерлерге жаппай шетелдік компанияларды тартудың қажеті жоқ, ондай жағдайда көп нәрсені жоғалтуымыз мүмкін. Екіншіден, шетелдік геологтер келетін кен орнынан жаңа кен көздері табылса, ол компаниялар меншік құқығын иеленетін болады. Ал біз болашақ дивидендтерден айырыламыз.
Үшіншіден, Қазақстан геологтерінің қорында бағалы металды арзанырақ жолмен әрі тезірек алуға көмектесетін көптеген қызықты ақпарат бар. Мұны барлап, зерделеу шетелдіктердің көп уақытын алады және олардың жұмысы мемлекетке әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін. Төртіншіден, егер алғашқы іздестіру мен барлауды қазақстандықтар жүргізетін болса, ескі кадрларды да, жоғары оқу орындарының түлектерін де жұмысқа орналастыруға болады, – дейді Марат Бітімбаев.
Ғалым айтып отырғандай, сирек металдар қорын барлауға шетелдік компаниялар аз тартылып отырған жоқ. Мысалы, 2024 жылдың желтоқсанында ғана Өнеркәсіп министрлігі геологиялық барлауға ірі халықаралық компаниялар тартылғанын, шетелдік 10 компанияның инвестициясының жалпы көлемі 41 млрд теңгені құрағанын мәлімдеген.
Былтыр қарашада Парижде Қазақстан мен Франция арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған сындарлы ресурстар мен материалдар саласындағы стратегиялық әріптестіктің Жол картасына қол қойылды. Биыл Францияның ҚР-дағы елшісі Сильван Гиогенің айтуынша, француз компаниялары Қазақстанның геологиялық нарығына шықпақ.
Сондай-ақ HMS Bergbau AG неміс компаниясы қазақстандық Qazaq Lithium-мен бірлесіп ШҚО-да литий кен орындарын игеру бойынша бірлескен жобаны іске асыруда. Бұған дейін Кореяның KIGAM геологиялық зерттеулер және минералдық ресурстар институты ШҚО-дағы «Бакенное» литий кен орнында барлау жұмыстарын жүргізген. Екі ел арасында металдар бойынша ынтымақтастық меморандумы бар.
Барлау процесінен геологтар шектеліп отыр
Геология және минералогия ғылымының кандидаты Ақылбек Жүнісовтің айтуынша, жер қыртысында кларкі 0,03 пайыздан төмен тағы 50 элемент бар, олардың қатарына біз білетін қорғасын, мырыш, мыс, қалайы да қосылған. Тек адамзат бұл металдармен ертеден таныс, ал сирек металдар деген атау алған литий сияқты элементтер өткен ғасырда ғана анықталған соң бағалы саналып отыр.
– Қазіргі өнеркәсіп жаңа технологиялар шығаруды қажет етіп отыр. Компьютер, смартфон жасауға кейін табылған сирек металдар, аса берік қорытпалар қажет. Осы фактор сирек металдар кенін іздеуге, өндіруге, бағасын жоғарылатуға себеп болып отыр. Ал бұл металдар Қазақстан аумағында бұрыннан бар, мысалы, Шығыс Қазақстандағы «Юбилейное», «Бакенное», Орталықтағы Қараоба, Ақшатау, Батыстағы Ырғыз, Оңтүстіктегі Қарағайлы, Ақтас кен орындары сирек металдарды қажетті мөлшерде бере алады, – дейді ол.
Профессордың сөзінше, Қазақстан билігі бұл кендерді қайтадан барлай бастады. Дегенмен Жүнісов геолог ретінде көңілі толмайтын тұстар барын жасырмады. Барлау жұмыстары бір орталықтан басқарылмайды.
– Бұрын алтынға бай кен орнын барлау керек болса, арнаулы экспедиция шығатын. Қазір қалай? Литийге бай кен орнын барлау керек болса, бұл өндіріске қатысы жоқ кез келген компания келіп, жұмысын бастайды, тек қаржысы болса жетті. Негізі бұл - геология ғылымының ісі. Қазір компаниялар геологтарды үшінші немесе төртінші орынға қойып, көмекші-жұмысшы ретінде пайдаланады. Яғни, нағыз ғылымның қолында қаржы жоқ, ақшасы барлар басқара береді, – деп қосты Ақылбек Жүнісов.
Қорыта айтқанда, әлемде сирек металдарға сұраныс артты, сұраныс болған жерде бағасы көтерілетіні түсінікті. Әйтсе де біз пікірлескен екі сарапшы да сирек металдардың кен орнын барлауға жаппай инвестиция тартып, шетелдіктердің қатысуымен өндіруді құптамайды. Мемлекет пайдасын көру үшін өзі өндіріп, шикізат күйінде емес, дайын қорытпа ретінде саудалауды дұрыс нұсқа көреді.