Төленбеген 800 мың теңгеден астам айыппұлы бар көлік айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
25 ақпан күні сағат 17:30 шамасында Атырау қаласында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері М.Баймұханов көшесіндегі Вокзал маңы тұсында Ресей Федерациясында тіркелген Mitsubishi маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында көлік жүргізушісінің жалпы сомасы 802 460 теңгені құрайтын 23 айыппұлы бар екені анықталды. Айыппұлдардың көп бөлігі жылдамдықты асырғаны, көлік құралын тіркеусіз пайдаланғаны және басқа да жол ережелерін бұзуынан орын алған. Осы ретте, жүргізушіге қатысты іс-құжаттар жинақталып, автокөлік айып тұрағына қойылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар патрульдік полиция қызметкерлерімен жалғасын табады.