Петропавл қаласында тұратын Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Василий Васильевич Макиенко 99 жасқа толған туған күнін атап өтті. Ерлік пен адалдықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі болған тарихтың тірі куәгерін құттықтауға қала әкімі Серік Мұхамадиев арнайы келді.
Шаһар басшысы өз сөзінде Василий Васильевич сияқты тұлғалар еліміздің мақтанышы екенін, олардың арқасында бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізгенімізді атап өтті. Ардагерге естелік сыйлықтар табыстап, соғыс кезіндегі және елді соғыстан кейінгі дамытудағы ерен еңбегі үшін алғыс айтты.
Ұлттық ұлан академиясының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ерден Балғымбаев та соғыс ардагеріне өзінің жылы лебізін білдіріп, сыйлығын тарту етті. Ардагердің өнегелі өмірі үшін шынайы ризашылығын білдіріп, оның ерлігі ұрпақтың отаншыл болып өсуіне ықпал ететінін атап өтті.
Василий Макиенко 1926 жылы 24 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы Волошинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Қазан ауданының әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылып, әскери жолында 44-атқыштар полкінде, 142-атқыштар полкінде және 317-гвардиялық атқыштар полкінде қызмет етеді. Соғыс кезінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, сондай-ақ «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.
Соғыстан кейін Василий Васильевич бейбіт өмірдегі еңбек жолын бастады. Ол су құбыры жүйесінде жұмыс істеп, кейін техникалық жабдықтау өндірісін басқару басқармасы басшысының орынбасары болып 13 жыл қызмет атқарды. 1960 жылы зейнетке шықты.
Бүгінде ғасырға тақаған жасына қарамастан, ардагер әлі де тың. Туған-туыстарының ортасында, төрт қыздан сегіз жиен, алты шөбере сүйген бақытты ата. Оның ел үшін еткен еңбегін тек Петропавл жұртшылығы ғана емес, бүкіл Қазақ елі мойындап, мақтан тұтады.