Соңғы жылдары өз бетінше тәтті нан тағамдарын пісіруді үйреніп жүргендер жетерлік. Дегенмен, күлше пісіретін бірлі-жарым жеке кәсіпкерлер болмаса, торт пісіру кәсібі ауданда жаппай дами қойған жоқ. Қазір дүкен сөрелерінде торт түрлерінің көптігі сонша, көлемі, дәмі, безендірілуі жағынан бір-бірінен асып түседі. Дегенмен, өзіңнің ас үйіңде дайындаған тортыңа не жетсін, шіркін!
Осы бағытта өткен сенбі күні аудандық жастар ресурстық орталығы «Ең тәтті, ең дәмді...» атты торт пісіруден тегін шеберлік сағатын ұйымдастырды.Оған Мақат, Бәйгетөбе, Доссор кенттерінен бала күтімінде отырған, жұмыссыз қыз-келіншектер қатысты. Шеберлік сағатын ауданда тәтті торт пісірумен танымал кондитер Айнұр Боханова жүргізді. 6 сағатқа созылған аталмыш шеберлік сағатынан қатысушылар «Қызыл барқыт», «Вупи-Пай», «Балды торт», «Сникерс» торттарының пісіру жолын үйренді. Дайындалған тәтті торттарды шеберлік сағатынан кейін ұйымдастырушылар көп балалы отбасыға тарту етті.
Шеберлік сағаты нәзік жандыларға отбасына, қоғамға пайдалы болуға көмек болады деген ниетпен өткізілді дейді ұйымдастырушылар. Ал, тегін шеберлік сағаты қатысушылардың көңілінен шықты. «Осындай шаралар болашақта көбірек ұйымдастырылса екен» - деп тарқасты қатысушылар.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
суреттер автордікі