Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн. Дәл осы күні 25 қазанда қазақ елі декларация жариялап, мемлекеттің егемендігін айқындады. Бұл – қазақ тәуелсіз мемлекет ретінде танылған алғашқы оқиға. Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалап берген бұл күнді мереке етіп өткізу қазақ халқының қуанышы деп білем.
Биыл қазақ елінің тәуелсіздігіне жол ашқан Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына – 34 жыл. Ал бұл елеулі датаның «ұлттық мереке» мәртебесін алып, қайта оралғанына – екі жыл.
Жалпы ұлттық мереке – елдік пен тарихи сананы жаңғырту жолы. Азаматтар аталған мереке қарсаңында мемлекеттің дамуына баға беріп, келешегіне сеніммен қарауға күш алады. Сондықтан елдің рухани өркендеуі үшін де Республика күнінің мәні зор.
Менің ойымша, Республика күні егемендігімізді, тарихымызды ұрпақтың санасынан жойып алмау үшін керек. Алғаш рет дәл осы күні біз өзімізді республика ретінде әлемге таныта бастадық.
Сондай-ақ тәуелсіз ел, республика болу жолындағы бабаларымыздың, аға-әпкелеріміздің қайсарлығы, ерен еңбектерін ескеру осы Республика күнінде тағы бір мәрте еске алынып, еленеді деп ойлаймын. Себебі осы егемендік жолында қаншама буын өз өмірлерін құрбан етті. Сондықтан мұны естен шығармауымыз керек.
Осы күннің маңыздылығын ұмыттырмай, ортамызға қайта алып келген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына айтар алғысымыз шексіз.
Қазір біздің аудан жұртшылығы да өздерінің алға қойған міндет, мақсаттарын абыроймен орындауға қол жеткізіп, биік межені бағындырып отыр. Сол үшін де, еліміздің бейбіт жолмен мәңгі ғұмыр кешу жолында, баршамыздың игі істерге себепші болып, қазақ елінің қуаттылығын нығайту бағытындағы ынтымақтастығымыз арта берсін. Халқыма аманшылық, еліме тыныштық тілеймін!
Сәбит Халенов,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы