Екінші дүниежүзілік соғыстағы тағдыркешті шайқастар

Екінші дүниежүзілік соғыстағы тағдыркешті шайқастар
(0 Votes)

Адамзат тарихында ең құрбаны көп, қаншама халыққа үлкен қасірет алып келген сұрапыл шайқастың бірі ІІ дүниежүзілік соғыс болды. Соғыс өртінің алғашқы ұшқындары 1938 жылы нацистік Германияның көсемі Адольф Гитлердің Австрияға жасаған шабуылынан кейін басталды. Бұл шайқас әлемнің барлық елін шарпыды. Тіпті алыстағы АҚШ-та өзінің тынық мұхиттағы әскери кеме базасын Жапония тас-талқан еткен соң амалсыз қанды майданға кірді. Алты жылға созылған ұрыста тарихта бірінші мәрте ядролық қару қолданды. Алапат шайқаста жиырма миллионға жуық жауынгер қырылды, тағы ондаған миллион бейбіт тұрғын мерт болды, деп жазады Egemen.kz.

Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германия айналасындағы көрші жатқан елдерді жауыздықпен басып алды. Бұл соғыстың сыртқы көрінісі. Бірақ ішкі бет-бейнесіне үңілсек, оның тұтануына бірнеше жағдай себеп болған. Көптеген зерттеушілердің пайымынша Германия бастаған шайқас бар-жоғы І дүниежүзілік соғыстың кезекті жалғасы, сонда кеткен есені қайтарып алу. Соның ішінде ең басты себептің біріне 1919 жылғы Версаль бейбіт келісімін жатқызады. Құжат шарты бойынша Германияға көптеген жаза түрлері қарастырылды. Осының салдарынан немістер 12.5% жерінен айырылды. Тұрғындарының саны 12% қысқарды, ауыл шаруашылығы өнімдері 15%, ауыр өнеркәсіп 10%, темір шикізатын өндіру 74% азайды. Сондай-ақ жеңген одақтас елдерге үлкен көлемде өтемақы төлеу міндеттелді. Келісімнің тағы бір тұсы Германияға әскер санын жүз мың жауынгерден асырмауға шарт қойылды. Кейбір тарихшылардың пікірінше соғыстың шығу себебі ұлтшылдық көзқарастың пайда болуынан туындаған. 1922 жылы Италия билігіне фашистер келсе, 1933 жылы Германия нацистік партия басқаруына өтті. Қос мемлекет кейін бір-бірімен одақ құрып, артынша оларға Жапония қосылады.

Гитлер 1938 жылы Австрияға шабуыл жасаған соң Чехословакияға басып кіреді. 1939 жылы қыркүйекте Польша еліне жойқын жорығын бастайды. Осы мезетте Италия Албания жеріне көз тігеді. Бұған шыдамаған Британия мен Франция бұларға соғыс жариялайды. Осылайша шайқас ІІ дүниежүзілік соғыстың алапат өртіне ұласады. Неміс әскері жан-жағындағы Еуропа елдерін тізе бүктіріп, Парижді өзіне қаратады. Алайда 1941 жылы маусымда кеңестер одағына шабуыл жасаған Германияның Британ әскері үшін арқасы көрініп қалады. Бұл кезде АҚШ әлі соғысқа кірмеген еді. Бірақ ол Жапонияға мұнай саласы бойынша санкция жариялап, темір экспорттауға тыйым салған болатын. 1941 жылы желтоқсанда Жапония АҚШ-тың Гавай аралдарындағы Перл-Харбор әскери кеме базасына шабуылдан соң Америка да гитлерлік Германия бастаған күшке қарсы соғысқа шығады. Жалпы АҚШ ХІХ ғасырдан бері бейтараптық саясат ұстанып келген. 1823 жылы басталған бұл саясат Еуропаның америка жерін отарлауына қарсы тұру үшін кәрі құрлықпен байланысты азайтып, ешқандай ұрыс қимылдарына қатыспауды көздеген. Алайда соғыс нәтижесінде бәрі керісінше болып шықты.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы қырғын шайқастың бірі Сталинград жерінде болды. Тіпті ол осы сұрапыл соғыстың тағдырын шешкен ұрыс деп те айтылады. Қазіргі Волгоград бұрынғы Сталинград қаласы 6 ай бойы 1942 жылдың тамызы мен 1943 жылдың ақпаны аралығында қан майданға айналды. Алдымен неміс әскері шаһарды әуеден бомбалап, әбден ғимараттары қирап бүлінген соң қалаға кіреді. Бірақ қызыл әскердің қатты қарсылығына ұшырап, бірнеше ай бойы кескілескен ұрыс жүреді. Жау қаланың көп бөлігін басып алғанымен кеңестер әскерінің Еділ өзенінің батысындағы соңғы қорғаныс шебін талқандауға келгенде зор жеңіліс табады. 1942 жылы қараша айында қызыл әскер екі дүркін сәтті шабуыл ұйымдастырып, 250 мың неміс әскерін қолға түсіреді. Жауынгерлерін керек-жарақпен қамтамасыз ете алмаған Германия ақырында қырғынға ұшырап, 1943 жылдың ақпан айында әскери қолбасшы Фридрих Паулюс жеңілгенін мойындайды. Қолбасшымен бірге алтыншы армияның сарбаздары қызыл әскер қолына беріледі. Дерек бойынша осы соғыста миллионнан астам адам қырылған. Сондықтан ол тарихтағы ең қанды шайқастардың бірі ретінде қалып қойды.

Ғаламдық соғыстағы шешуші ұрыстардың бірі Мысыр елінің Әл-Искандерия қаласынан жүз шақырым жердегі Әл-Аламайн деген елді мекеннің түбінде 1942 жылдың қараша айында орын алды. Шайқас Германия мен Италияның біріккен әскерінің қолбасшысы Эрвин Роммел мен Британия әскери күшін бастаған Бернард Монтгомеридің арасында жүрді. Соғыс Британияның осы аймақтағы қорғаныс бекінісін Германияның шабуылдауынан басталды. Соның алдында ғана 1942 жылдың қыркүйегінде неміс әскері қайта күш жинау үшін аз уақыт дамылдап алған. Бірақ Солтүстік Африкадағы одақтас күштердің жаңа қолбасшы етіп тағайындалған генерал Монтгомери қару-жарақ пен әскер саны жағынан қарсыластан басым түспесе, неміс әскерімен соғыспайтынын айтқан. Сөйтіп британдық генерал қоластындағы жауынгерлерін қатал тәртіпке ұрысқа дайындайды. Қажетті қару-жараққа да қол жеткізеді. Қорғаныс бекінісінің Әл-Искандериядағы теңіз портына жақындығы да британдықтардың пайдасына шешіледі. Ал Роммель әскері қашықта болған соң керекті техникамен жабдықтау қиынға соқты. Оның үстіне неміс күштерінің арасында оба ауруы тарап, қолбасшының өзі Германияға барып емделуге тура келген. Қазан айында Британия жау әскеріне шабуыл жасауды ұйғарады. Осы кезде Роммель Австрияда емделіп жатқан. Ол жоғарғы басшылықтан ұрыс даласынан кетуді сұрайды. Бірақ Гитлер оған қарсылық білдіріп, соғысты жалғастыруын талап етеді. Дегенмен Роммель өз еркімен шешім қабылдап, майданнан әскерін алып шығып кетеді. Бұдан біраз бұрын Германия әскері сахара төсінде үлкен жеңіске жетіп, Роммельдің есімі шартарапқа жайылған-тұғын. Бұл жолы ол жеңіліс тауып, шайқасудан бас тартуға мәжбүр болды. Роммельдің жеңілісі Солтүстік Африкадағы Германия-Италия әскерінің күні біте бастағанын көрсетті. Және Әл-Аламайн соғысы тарихта танкілер арасындағы ең ірі шайқас ретінде есте қалды. Ұрыс нәтижесінде Британияның одақтас күштері 31 мың неміс әскерін тұтқынға түсірді. Африкадағы неміс әскери штабының басшылығы толығымен жойылды. Осылайша Гитлердің Суэц каналын басып алып, Таяу Шығыс мұнайына иелік ету арман-жоспары іске аспай қалды. Осы оқиға жөнінде Уинстон Черчиль былай деп еске алған екен: «Әл-Аламайндағы соғыс Британия әскерінің тағдырын шешкен айқас болды. Бұл шайқастың алдында біз тек тірі қалу үшін күрессек, ал содан кейін тек жеңістерге жеттік».

Сонымен бірге Мидуэй шайқасы да екінші дүниежүзілік соғыстың басты оқиғаларының қатарында саналады. Перл-Харбор шабуылынан кейін жапондық ұшақтар Мидуэй аралына әуе соққысын ұйымдастырады. Олар бұл соққыны американдық күштер сонда шоғырланған деген оймен жасайды. Бірақ ол американдық күштердің әскери алдау тактикасы еді. Негізінен АҚШ күштері аралдың шығысында Жапония әскеріне шабуыл жасауға дайындалған еді. Нәтижесінде жанармай отынын құйдыру үшін кері қайтқан жапондық ұшақтар АҚШ әскери теңіз күштері тарапынан ауыр соққыға ұшырайды. Кескілескен шайқастардан соң күншығыс елінің әскери теңіз күші толығымен күйрейді. Тарихшылардың айтуынша Мидуэй соғысынан кейін Жапонның әскери теңіз күші тынық мұхитындағы жаулап алушылық жорығын біржолата тоқтатты. Ал осы ұрыс барысында жапондықтар 4 ұшақ тасығыш және басқа да әскери кемелерінен айрылады. Үш мыңнан астам жапондық жауынгер опат болады. АҚШ күштерінен үш жүзден астам әскери соғыс құрбанына айналады. Сондай-ақ Мидуэй шайқасында жапондықтар жүзден астам американдық ұшақтарды жойып жіберген.

Сонымен қатар Нормандия операциясын да екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын өзгерткен негізгі шайқастардың бірі деуге болады.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT