Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында қоғам талқысына жүрген бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты өз пікірін білдірген болатын.
“Қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті.
Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін”,- деді Мемлекет басшысы.
Иә, өткен жылдың наурыз айында Қазақстанның барлық өңірлері бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқаны белгілі. Алайда, бұл аталған мәселе бүгінгі күнге дейін қоғам талқысында жүр. Оған бірнеше факторлар себеп болып отыр.
Мәселен уақыт белдеуі ауысқан өңірлерде жұмыс істеуге немесе оқуға тиімсіз екендігі айтылуда. Алайда жаңа уақыт белдеуінің де ұтымды тұстары жетерлік. Осы турасында Мемлекет басшысының бұл аталған мәселе бойынша айтылған пікірі оң шешімдердің қабылдануының алғы шарты деп білемін. Бұл мәселе әлі де толық зерттеулерді қажет ететіні анық. Нақты әрі халыққа қолайлы шешім шығарылатынына сенімім мол.
Қ.Омаров,
ардагерлер кеңесінің мүшесі