Астанада алғаш рет посткеңестік кеңістікте бұрын соңды болмаған WALS 2024 халықаралық конференциясының ашылу салтанаты өтті. Бұған дейін ауқымды іс-шара АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур және Нидерланды сынды мемлекеттерде ұйымдастырылған. Биыл педагогтер үшін маңызды жиынды өткізу мәртебесі NIS Педагогикалық шеберлік орталығына берілді. Жаһандық жиынға әлемнің 27 елінен 700-ге тарта педагог қатысуда.
Шараға Атыраудағы NIS-тің белсенді де білікті ұстаздары да қатысуда. Олардың сапында Қазбек Ғазизұлы, Сара Шидалина, Нұргүл Шайхиева, Мөлдір Дюсенгалиева, Назерке Алдигулова, Asif Abbas Saed, Гүлзия Бейсенбекова, John Paul Bejerano, Нұргүл Жангалиева, Агис Исказиевалар бар. Олар аталған конференцияның алғашқы күнінен-ақ оң әрі мол әсер алғандарын жеткізді.
– Бүгінгі халықаралық конференция – нағыз кәсіби тұрғыдағы тәжірибе тарату алаңы дер едім. Мұндай масштабты шара кез-келген қатысушыға терең ой салып, қызметіне деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Сабақтарды зерттеуге мықтап машықтанған ең тәжірибелі педагогтердің басы бүгін бір арнада тоғысқандай. Отандық және шетелдік спикерлер үш күн бойы тың ақпараттар таратпақ. Олардың қатарында біздің мектебіміздің ұлағатты ұстаздары да бар екендігі бізді ерекше қуантады, – дейді Атыраудағы NIS директорының орынбасары Қазбек Қаныбеков.
Бүгін қатысушылар алдында ағылшын тілінде өз перезентациясын қорғап, баяндама жасаған Атыраудағы NIS ұстаздарынан құрылған командада 5 ұстаз бар. Олар: Сара Шидалина, Нұргүл Шайхиева, Мөлдір Дюсенгалиева, Назерке Алдигулова, Asif Abbas Saed.
– Біз жыл бойы химия және физика пәніндегі дәрістер циклін зерттеп, оқушылар динамикасын бақылауда ұстадық. Мақсатымыз – сыни тұрғыдан ойлау, STEM, тұжырымдамалық оқыту сияқты оқытудың инновациялық әдістерін қолдану арқылы білім сапасын арттыру болатын. Бүгін сол зерттеуіміздің нәтижесін осындай ауқымды шарада көпшілікке ұсыну мүмкіндігіне ие болдық. Шындығында, бұл біз үшін үлкен жетістік, – дейді Сара Шидалина.
Ал, ертең өз командасымен баяндамаларын жасауға даяр жүрген ұстаз Гүлзия Сапарбекқызы:
– Алғашқы күннен-ақ зор әсерге бөленгеніміз рас. Конференция өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қолымызға ыңғайлы бағдарлама берілді. Осы арқылы ұнатқан секцияларымызға қатысып, көптеген қазақ ұстаздарының, шетелдік спикерлердің көңілге қонымды деңгейдегі тәжірибелеріне куә болдық. Өзім «Сарыарқа» секциясына қатысып, Шотландиядан, Малайзиядан келген әріптестеріміздің баяндамасын тыңдап, жақсы әсер алдым, – деп өз пікірін білдірді.
Әлі екі күн бойы қызу жалғасын табатын WALS 2024 қызметіне сәттілік тілейміз.