Өңірде қазына қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау жұмыстары қарқын алды. Жыл басынан бері он ай ішінде Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 35 аудиторлық іс-шара жүргізіп, нәтижесінде жалпы сомасы 6786,1 млн.теңгенің бұзушылықтарын анықтаған. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 2502,9 млн.теңгеге, рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар 4283,2 млн.теңгеге жеткен. Бұл туралы аталған департамент басшысы Мәулен Мүтиев хабарлады.
Оның айтуынша, есепті кезеңде камералдық бақылау арқылы 15391 мемлекеттік сатып алу қамтылып, қорытындысында 4314 мемлекеттік сатып алу бойынша 40 871,8 млн.теңгенің бұзушылығының беті ашылған. Департамент тарапынан жіберілген 4314 хабарлама толықтай орындалған.
Осы уақыт аралығында 627 лауазымды тұлға жалпы сомасы 41,7 млн. теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бюджетке 32,3 млн. теңге өндірілген.
Департамент тарапынан анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау жөнінде аудит объектілеріне нұсқамалар жолданып, қорытындысында 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Он ай ішінде департаментке 2322 өтініш түсіп, уақытылы тиісті жауаптары берілген.
–Сондай-ақ, Ішкі аудит қызметтерінің жұмысын үйлестіру мақсатында әдіснамалық және консультациялық көмек көрсету, жүргізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бойынша есептеріне талдау жүргізу, мемлекеттік аудиторларың жауаптылығын қарау туралы ұсыныстар енгізу, тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Есепті кезеңде Ішкі аудит қызметі 8 аудиторлық іс шара жүргізіп, 3 аудит материалына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына ескертулермен сәйкес келетіндігі туралы сапа бақылауының қорытындысы берілді,-дейді Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Мәулен Асқарұлы.
Өз тілшіміз