Атырауда медиаторлар форумы өтті

(0 Votes)

   Батыс елдерінде медиатордың қызметіне жүгіну бұрыннан бар. Олар кәдімгі отбасындағы ұрыс-керістен бастап, қаржылық, тіпті, қылмыстық істерге де араласуға құқылы.  Жалпы, сан алуан дау-жанжалдарды, тіпті орта дәрежелі қылмыстық істерді де сотқа жеткізбей,  бейбіт жолмен шешу әлемде кең тараған үрдіс.  Біздің елде де билер институтын медиация мүмкіндіктері арқылы заманауи жаңғырту, әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам қалыптастырудағы медиацияның рөлін арттыру мақсатында талай шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі - мұнайлы өңірде өткен «Би институтын заманауи жаңғырту. Медиация мүмкіндіктері» тақырыбында республикалық форумы.

   Шараға Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, мемлекеттік, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпкерлер, сот орындаушылар, билер және медиаторлар, адвокаттар мен заңгерлер қатысты.

    Алдымен, «Халықаралық медиация орталығы» РҚБ Атырау облысы бойынша өкілдігінің директоры, халықаралық медиатор Гүлбаршын Марданова шараның шымылдығын түріп, форумның маңызы туралы айтып өтті. Одан соң Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов татуластыру рәсімдерін дамыту бойынша сотта жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

     – Болашағы біртұтас елдің бар­лық мемлекеттік және азамат­тық қоғам институттары қызметінің ең басты қағидаты – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту. Осы орайда барлық тарап­тардың құқықтары мен бос­тан­дықтарын құрметтеу ар­қылы бітімгершілікке қол жет­кізуге бағытталған медиа­ция институтының ел бірлігі мен қоғамдық келісімді дамыту­дағы рөлі зор, - деген Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев форум жұмысына табыс тіледі.

   «Сот процесінде медиация тәртібімен дауды реттеу» тақырыбында баяндама жасаған Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова медиацияның пайда болу тарихы мен даму жолдары,  біздің өңірдің сот жүйесіндегі татуластыру рәсімдері туралы айтып, облыс соттарында татуластыру рәсімдерін қолдану бойынша статистикалық деректерді келтірді. Сондай–ақ, жаңа институт-әкімшілік әділет аясындағы татуластыру рәсімдеріне тоқталды. Сот тәжірибесінен мысалдар келтіріп, жұмыс нәтижелерін, әкімшілік істерді қарау барысында туындайтын проблемалық мәселелерді, перспективаларды атап көрсетті.

   Әріптесінің ойын жалғастырған Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов қылмыстық істер бойынша татуласу туралы айтып берді.

    Трансшекаралық даулар, инвестиция әкелуде медиацияның рөлі зор. Бұл туралы халықаралық байланыстар бойынша өкілетті өкіл, "Халықаралық медиация орталығының" бітімгершілік рәсімдерінің сарапшысы, Бас прокуратурар, Ішкі істер министрлігінде татуластыру рәсімдері бойынша сарапшылар кеңесінің мүшесі Назым Тулекеева ақпарат берді.

   Форум барысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов, Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов, Атырау облысы Әділет департаменті басшысы Асылан Каримов, Атырау облысы бойынша Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев, Атырау облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровке «Халықаралық медиация орталығы» РҚБ Президенті А.Жулаевтың Алғыс хаты табысталды.

    Сонымен қатар, екі бірдей медиатор би мүшелігіне өтіп, ант қабылдаса, форумға қатысушыларға біліктілікті арттыру, республикалық форумға қатысу туралы сертификаттар табысталды.

   Форум жұмысын қорытындылаған халықаралық медиатор Г.Марданова бұл кездесу ел ішіндегі дау-дамайлар көрсеткішін төмендетумен қатар, жанжалсыз қоғам құруда мызғымас бірлік пен берекеге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін сенім білдірді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521