Кезекті облыстық ана мен қыздар слеті осындай атаумен өтті. Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және «Шаңырақ-2008» ҚБ-нің ұйымдастыруымен өткен шара қоғамдағы қыз-келіншектердің әлеуметтік ролі мен мәртебесін арттыруға арналды.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Злиха Дүйсекенова жүргізген шарада отбасылық саясат саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелер, ерлі-зайыптылардың отбасындағы міндеттері мен қыз тәрбиесі сөз болды. Алдымен мемлекеттік қызметтің ардагері Рашила Мүрсәлиева аналардың қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмайтынына маңыз берді. «Елдегі барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, əлеуметтік-мəдени жұмыстарға, мемлекеттің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып жүрген қыз-келіншектердің қатары көбеюде. Мемлекеттің саясатын жүзеге асыруда, елдің тағдырына тың серпін беруде мұндай шаралардың қоғам өміріне қосар үлесі зор» деді ол.
«Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлы Әйтиева «үй мен түздің тізгінін тең ұстап, қазанын қайнатып, баласын ойната жүріп, еңбектің бел ортасынан табылатын əйелдердің тындырымды іс-əрекеттері көпке үлгі» деген салиқалы ой өрбітті. Айтқандай, нəзікжандылардың еңбекқорлығы, қоғамдағы жаңашыл қадамдары, ұрпақ тəрбиесіндегі алар орны ерекше екенін күнделікті өмірде кездестіреміз.
Шара соңында Аналар кеңесінің төрайымдарын белсенділіктері үшін Алғыс хатпен марапаттады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА