Атырау облысындағы маңызды бағыттардың бірі — Атырау-Индер автожолының орташа жөндеу жұмыстары биыл қайта жанданып, жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұл туралы жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер мекеме «Теміржол Құрылыс Атырау» ЖШС директорының орынбасары Азат Күшманов мәлімдеді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Былтыр басталған орташа жөндеу жұмыстары қыс мезгілінде тоқтап, биыл қайта қолға алынды. “ТҚА” ЖШС-на тиесілі орташа жөндеудің құрылысы 50 шақырымды құрайды. Бүгінде мамандар өткен жылы фрезерленген 20 шақырымға жөндеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ осы бөлікті аяқтағаннан кейін қалған шақырымдарды жыл соңына дейін бірітіндеп жасауды жоспарлап отырмыз. Ескі асфальт-бетон жабындысын алып тастап, жолдың негізін қайта нығайттық. Сонымен қатар жол жиектері бекітіліп, суағарлар жаңартылды. Бұл — жолдың ұзақ сақталып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді,- деді Азат Күшманов.
Оның айтуынша, қазір жолдың ІІІ және ІІ техникалық санаттарына сәйкес келетін төменгі және жоғарғы қабатына асфальт төсеу жұмыстары басталып жатыр. Бұл іске 20 техника мен 15 маман жұмылдырылған. Қажет болған жағдайда тағы 10 жұмысшыны тарту көзделіп отыр.
Мердігер мекеме өкілдері тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін де ескеріп, жол сапасын жақсарту бағытында бірқатар шараны қабылдап жатқанын да мәлімдеді.