Облыстағы 50 мектептің директорлары мен орынбасарлары ең ауқымды қайта даярлау бағдарламасын аяқтады. Олар кадрлық басқару, қаржылық менеджмент, стратегиялық жоспарлау, жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу, цифрлық трансформация және мектептердің жеке даму бағдарламаларын жасау бағыттары бойынша білім алып, тәжірибе жинады,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Онлайн форматта байланысқа шыққан облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов жобаны аяқтаған түлектерге ыстық лебізін білдіріп, құттықтады.
- Жоба Атырау облысында білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. «Атырау жаңа мектебі» бағдарламасы директорлар мен орынбасарларды оқытып, көшбасшылық пен өзгерістер мәдениетін қалыптастырады. Оқуды аяқтап қана қоймай, нәтижелермен бөлісіп, әрі қарай да тәжірибе алмасып отырамыз, - деді М.Абуов.
Бағдарламада Эстония, Финляндия, Түркия, Ресей және Қазақстаннан келген 40-тан астам танымал сарапшылар мен мектеп директорлары жаттықтырушы ретінде жұмыс істеді. Сонымен қатар 7 оқу модулі ұйымдастырылды, олардың бесеуі оффлайн форматта болса, екеуі Қазақстан, Финляндия және Эстония елдеріндегі тағылымдамалар түрінде өтті. Қатысушылар әлемнің жетекші мектептеріндегі заманауи оқыту және басқару әдістерімен танысты.
- 50 мектеп директоры Финляндия мен Эстонияның үздік 12 мектебінде тағылымдамадан өтіп, оқытуды басқару, мұғалімдерді даярлау, адами ресурстарды басқару және ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды оқыту жүйелерімен танысты. Қазақстанда олар High Tech Academy, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп және Tamos Space School мысалында инновациялық әдістерді зерттеді,- деді «Ed crunch» академия институтының басшысы Нұрлан Қиясов.
Қайта даярлау барысында қатысушылар өз мектептерінің даму бағыттарын анықтайтын жеке жобалар әзірледі. Бұл жобалар оқу процесін жаңғыртуға, білім сапасын арттыруға және басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Әр басқарушы команда деректерді талдау негізінде мектептерге стратегиялық жоспар құру дағдыларын меңгерді. Өзара тәжірибе алмасуға және кәсіби дамуға дайын, өзгерістерге ашық басқарушылар қауымдастығы құрылды.
Айта кетейік, жобаға қатысқан 50 мектепте 55 мыңнан астам оқушы бар және мектептердің 60%-ы — аудандардағы білім ордалары.