Архивте жатқан аналар ерлігі

Архивте жатқан аналар ерлігі
(0 Votes)

Атырау облыстық мемлекеттік архивінде соғыс жылдарындағы құжаттардың қолжетімділігі мен зерттеу нысанына айналуына да баса назар аударылған. Атап айтқанда, архив қызметкерлерінің еңбегінің арқасында «Қазақстандық парахоккей федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау филиалының басшысы Әнуар Иманәлиев атасы туралы бұған дейін белгісіз болып келген 33 тарихи құжатқа қол жеткізді. Атасы Басар Иманәліұлы туралы жаңадан табылған тың деректер тек бір әулет үшін ғана емес, ел тарихының соғыс жылдарындағы кезеңін зерттеуде маңызды мәлімет болатыны сөзсіз. Демек жаһандану дәуірінің жастары екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарын ұмытқан жоқ, керісінше, Әнуар сияқты жаңа буын майдангер ата-әжелері туралы деректерді архивтерден тірнектеп жинап, әулет шежіресін толықтыруға ынталы екенін көруге болады.

Соңғы жылдары бұрын-соңды есімі мен ерлігі ескерусіз батырларды тануға өскелең ұрпақтың қызығушылығы арта түскен. Осы арқылы архившілерге де талап күшейе түсетіні белгілі.

Ерлік көрсеткен атыраулық қыздар

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ қыздарының нақты саны әлі де зерделеніп жатыр. Майданға аттанған қазақ қыздары түрлі әскери құрамаларда жанқиярлықпен қызмет етті. Олардың арасынан ұшқыш та, ұшақ механигі де, зенитші мен пулеметші де, бомбалаушы, дәрігер, мерген, радист, танкист, партизан мен барлаушы да шықты.

Ресми деректерде Қазақстаннан жалпы саны 5250 ару соғысқа аттанды десе, тарихшы Жұмабай Доспанов олардың санын 8000-ға жуықтатып отыр. Сол тізімде Орталық Азия елдерінен шыққан ұшқыш-штурман, гвардия аға лейтенанты Хиуаз Доспанова (1-сурет) да бар. «Қанатты қыз» атанған ол шап-шағын фанера ұшағымен 300-ден аса әуеге көтеріліп, әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған. Бұл – сол жылдары екі мәрте «Кеңес Одағының Батыры» атағын алған ұшқыштармен тең көрсеткіш. Оның үстіне Хиуаз Қайырқызы ауыр жарақатына қарамастан, достарының көмегімен ұшаққа отырып, жауға қырғидай тиіп отырыпты. Ол жөнінде майдандастарының естеліктері де жеткілікті. Алайда, нағыз қаһарман ұшқыш штурман Хиуаз Доспановаға «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмей, «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Тағы бір қаһарман қазақ қызы Қамқа Үмбеталина (2-сурет) туралы кейінгі жылдары ғана жан-жақты айта бастадық. Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келген ол Гурьев қаласынан мектеп бітіріп, он тоғыз жасында майданға аттанған. Қаршадай қыз әуе күштері құрамында үш жылдан аса әскери борышын өтегенде ауыр бомбаларды ұшаққа қолмен тиеп, тіпті Жапонияның квантун армиясымен соғысқа да қатысыпты.

Бірде Қамқа отырған «Дуглас» ұшағына снаряд тиіп құлағанда, қаршадай бомбалаушы қыздың өмірін парашют пен ағаш сақтап қалады. Атырауға 1945 жылы оралып, мұнай саласына жұмысқа тұрған. Кейін ол Маңғыстау облысындағы мұнай өнеркәсібіне жолдамамен ауысып, ұзақ жыл еңбек етті. Қазақстанның еңбек сіңірген геолог-барлаушысы 90-шы жылдарға дейін «Қазмұнайгазбарлау» тресінде лаборант, коллектор, инженер, химия лабораториясының аға инженері қызметтерін атқарған.

Соғыс және еңбек ардагері Қамқа Үмбеталина ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақстан экономикасының дамуына зор үлес қосқан геолог, ардагер-мұнайшы Қамқа Жаниярқызы тоқсан жеті жасқа қараған шағында дүниеден озды. Биыл өмірінің көп уақыты өткен Ақтауда майдангер ананың тұрған үйіне жергілікті әкімдік мемориалдық тақта орнатты.

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT