Соғыс салған жара әлі жазылған жоқ...

Соғыс салған жара әлі жазылған жоқ...
(0 Votes)

Соғыс... Сұрапыл соғыстан еліміз бен жерімізді қорғау үшін майданда жауынгерлер соңғы демі қалғанша жан аямай күресті. Ол уақытта тылда да толас болмады. Еңкейген қариядан бастап еңбектеген балаға дейін соғыстың ащы дәмін татып үлгерді.

Соғыс басталған жылдары небәрі сегіз жаста болған жерлесіміз Клара Таутаева бала болса да біраз қиындықты көзімен көріп, азапты күндерді еңсергенін айтады.

Клара Қажығалиқызы 1937 жылы Орал облысы сол кездегі Тайпақ совхозында дүниеге келген. Алайда әкесі соғысқа кеткен кезде жездесі Қызылқоға ауданына көшіріп әкелген.

«Соғыстың алғашқы кезінде басқыншылар күн сайын ішке ілгерілеп келе жатқанын бәріміз де естіп-біліп отырдық. Сол кезде ер кісілерді жинап жатыр дегенді естіп, олармен ілесіп әкем де Отанды, елді қорғау үшін, ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, отансыздықтың азабын тартпасын деп соғысқа аттанып кетті. Ал шешемді Индер ауданына тылға еңбек етуге алып кетеді. Қыстың кезі болатын, қызыл шұнақ аяз жалақтап, дүлей боран ұлып, дала ақ қармен құрсауланып жатты. Шешем байғұс бармаймын деуге шамасы жоқ, соғыстағы сарбаздарға бір көмегім тисін деп ол да аттана барды. Алайда шешем аяғы ауыр еді. Кері ауылға қайтып келіп, бұл жақта да кішкентай баламен бесігін арқалап жүріп бар күш-жігерін салып қызмет жасады. Мен ол кезде әжемнің қасында қалып, қой бақтым, тас бастым, қолдан арқан естік, соғысқа керек деп қолдан нәски тоқыдық. Бұның барлығын үкіметке тапсырып отырдық. Қолымыздағы малдың сүтінен май жасап оны да тапсыратынбыз. Әжеме жәрдемдесер, басқа қолғабыс тигізетін адам тапшы уақыттар болды», - деп еске алды Клара әжей.

Соғыспен қатар келген балдәурен балалық шақтары оларды ерте есейтіп, тыныш ұйқысын ұрлап, өзінің қайғысын тартқызғаны анық. Ол жылдардың азабын ұмыту мүмкін емес, әрине.

Алтын құрсақты анамыз – өмірге тоғыз бала әкелген батыр ана. Бүгінде перзентінің үшеуі өмірден өткенімен, қалған балаларынан немере-шөберелерін бағып отыр.

«Күркiреп өткен кешегі соғыс мәңгi ұмытылмас, жаныңды мәңгi сыздатар қасiретi әлі де бар. Осы бiр қасiреттi жастайымнан сезiп өстiм. Соғыс аяқталып, жетім қалғасын 17 жасымда күйеуге шықтым. Бұл отбасымда мал шаруашылығымен айналысады екен. Бұл үйде де малды бірге бағыстым. Содан Доссорға көшіп келдік. Қазір балаларым бәрі өсіп-өніп, үкіметке олар да жұмысын жасады. Бірі трактор айдаса, бірі пішен шапты. Біз де сол үкіметтің жұмысын жасап, мал бақтық. Одан кейін үкімет малын таратқасын, аспазшы болып жасадым, солай зейнеткерлікке шықтым. Енді сол біз көрген жетімдікті, соғыстың қорлығы мен азабын жас ұрпақ көрмесе деймін. Еліміз аман болып, тек бейбітшілік болсын!» - деді тоқсан жасқа таяған кейуана.

Иә, тыл ардагерлерінің жанқияр еңбегі – Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің айғағы. Олар ауыр заманның тауқыметіне мойымай, ел үшін аянбай еңбек етті. Бүгінгі бейбіт күніміз – сол кісілердің маңдай терінің, төзімі мен қажырлы еңбегінің жемісі. Сондықтан тылда еңбек еткен жандардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс. Оларға құрмет көрсету – ұлт тарихына, ел болашағына деген жауапкершілігіміздің көрінісі.

Гүлдана МӘМБЕТҚЫЗЫ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT