Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру – адамның адамдық болмысын білдірсе керек-ті.
«Қарты бардың –қазынасы бар» деуі де осы адами ниеттен туындаған іс-әрекеттерді танытады. Қазақ елі – ешқашан үлкеннің алдын кесіп өтпеген, «ата тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деп үлкендер арасында алға шығып сөз сөйлеуді ерсі көрген халық.
Десек те, соңғы кезде ойлы-ойсыз сөздерімізді ортадағы адамдардың қарасы көбейсе болды, айта беретін күйге жетіппіз. Ақиқатты әрине айтқан дұрыс. Бірақ, оның да айтылар орны, өзіндік реті бар. Бірде, қаралы үйдің ішінде күбірлеген дауыс, сылқылдаған күлкі көбейген соң : «Дауыстарыңызды сәл басыңыздар» деген ескерту жасаған келіншекке балалардың өзі: «Үлкен кісі ғой. Үлкен кісінің өлімі айт пен той ғой» жауап қайтарғанын естіп, таң қалдым. Үлкеннің ескертуін алған соң оған жауап қайтарудың реті де жоқ. Сол сияқты, жауаптың өзін олар бұрын да бір жерден естігенге ұқсады маған.
Жалпы, Қаралы үйге көңіл айтуға келген әйелдер мен қыздар жүзік, сақина сияқты әшекейлер тағынбай, қызылды-жасылды киім кимей барған. Ол үйге қалтқысыз көмек көрсету, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтай отырып, демеу болу қазақ халқының рухани, мәдени және адамгершілік дүниесін аңғартады. Сондықтан, ерсі қылықтарды таныту – ол адамгершілігімізге, алған тәрбиемізге сын, әрине.
Бірақ, қанша жерден қызық қуған ойын балалары десек те, сол балалардың үлкен келсе, алдынан шығып, амандасып жатқанын, кей жерлерде киімін алып, қолына су құйып беріп, т.б қызметтеріне жарап жатқанын көріп, риза болып қаламыз.
Дана Абайдың «Әке ұрысса балаға – ол да достық, бала ұрысса әкеге жараса ма?» дейтін сөзі кез келген есі бар адамды ойландырмай қоймайтыны анық. Кейде аңдаусызда «а» деп ақырып, әкемізге кейіп, анамызға қабақ шытып қалатын сәттеріміздің болатыны жасырын емес. Бірақ Жаратушымыз тек өзіне ғана құлшылық жасауды бұйырғаннан кейін бірден әке-шешеге жақсылық жасауды бұйырғанын, жәннат аналардың табанының астында екенін, анаңыздың «тоғыз ай, он күн көтеріп, аязды күні айналып, бұлтты күні толғанғанын» есіңізге ала қалсаңыз, бұл қылығыңыздың бәрінің бекер болғанын анық түсінесіз. Әке – өмірде ешкім теңесіп, дәрежесіне жете алмайтын алып тұлға. Баланың басына түскен әр қиындық, тіпті, қолына кірген тікеннің ауруы да әкенің жүрегінен өтеді. Тек сыртқа шығарып, өбектеп жатпайды. Ата-ананың перзентіне деген махаббатын, ұрпағына берер тәрбиесі мен өнегесін ешбір институт, ешбір университет бере алмайды. Бірде сахаба Әбу Һурайра (одан Алла разы болсын) жолда кетіп бара жатып соңынан бір кісі ертіп келе жатқан Әбу Ғассанды жолықтырады. Кейін ол еріп келе жатқан адамның Әбу Ғассанның әкесі екенін білген Әбу Һурайра дереу: «Бұл ісің жөн емес, сүннетті ескермегенсің. Жүргенде әкеңнің алдында жүру – ерсі қылық. Әкеңнің не артында жүр, не оң жағында жүр. Астың дәмдісін әуелі әкеңнің алдына тос. Тамаққа алдымен әкең қол созсын. Қабағыңмен болса да жасқап оның көңіліне селкеу түсірме. Ол тізе бүкпей тұрып сен отырма! Әкең ұйықтамай жатып сен жастыққа бас қойма!» (әт-Табарани, әл-Хаким) деп ескертеді. Мекке менен Мәдина – жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші, – деп ата-анаға тірісінде қамқор боп, мейірім танытуды өсиет еткен. Қазақ «Қонақ күтпегеннің ырысы өшеді, қариясын сыйламағанның тынысы өшеді» деген. Үлкендерге лайықты түрде сый-құрмет жасап, көңілін көтеру, қарғысына емес, алғысына бөлену – адамның өз көргенділігінің, тектілігінің көрінісі әрі әр баланың адамдық, перзенттік парызы. Олай болса, ашуланып тұрсаңыз да, ата-анаңызға «түһ» деп те дауыс көтеріп, қабақ шытпаңыз. Олардың алдында даусыңызды бәсеңдетіңіз. Ата, әжеңізге, ауылдағы үлкендерге сәлем беріп, керегіне жараңыз. Алдын кесіп, сөзін бөлмеңіз. Сіздің әр сөзіңіз, ісіңіз тәрбиелі екендігіңізді паш етіп тұратындай болсын.
Дәурен ҚҰТТЫБАЕВ,
"Мақат аудандық мұсылмандар" мешітінің бас имамы.