Бүгін статистика саласының мамандары кәсіби мерекесін атап өтеді.
Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы құрамында Қазақ Автономиялы Социалистік Республикасы құрылуына (1920 ж. 26- тамыз) байланысты Қазақ АКСР-ның Үкіметі өзінің 1920 жылғы 8-қарашадағы қаулысымен "Қазақ АКСР-ы мемлекеттік статистикасы туралы Ережені" бекітті және Қазақ АКСР-ның статистика басқармасы құрылды. Сонымен, Қазақстанның орталықтандырылған бірыңғай статистика органының құрылған күні 1920 жылдың 8-қарашасы болып қабылданды.
«ҚазАКСР-дегі мемстатистика туралы ережені» қабылдағандықтан, осы күн еліміздің статистика саласы үшін тарихи дата ретінде белгіленіп, кәсіби мерекелердің қатарына енген. Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың рөлі зор. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, кедейшілік, баға, халықтың әл-ауқаты, инвестиция, төлем балансы, сыртқы экономика және тағы басқалар жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттардың мемлекеттік статистика жүйесінде өзіндік орны бар. Мемлекет статистикалық мәліметтер бойынша түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді.
Мемлекеттен басқа статистикалық қызмет жұмысына халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар жүгінеді. Сондықтан да статистердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді. Статистика қажетті мәліметтермен қамтамасыз етеді. Дегенмен ол белгілі бір көрсеткіштердің айнасы болып қана қоймай, шешім шығару үшін де маңызды рөл атқарады. Сондықтан статистика ғылымы әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды талдауды өзіндік әдіс-тәсілдер, ережелер жиынтығы арқылы жасайды. Тіпті оны басқа да ғылымдар өз зерттеулерінде, тәжірибесінде қолданатынын ескерсек, статистиканың біздің өмірімізде алар орны зор екенін байқаймыз. Жүз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді.
Мемлекеттік статистика – статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырған жүйесі. Қазақстанның қазіргі статистика жүйесінде Статистика жөніндегі агенттік осы саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырушы өкілетті орган саналады және елдегі бүкіл статистикалық қызметті ұйымдастырып, үйлестіріп, бағыттап отырады. Қазақстанда мемлекеттік статистика органдарының жұмысын «Мемлекеттік статистика туралы» заң реттейді.
Енді аудандық статистика басқармасынан алған мәліметке ойыссақ, халық саны биылғы жылғы 1 қыркүйекке – 30279 адамды құрады. Сөйтіп, жыл басымен салыстырғанда 104 адамға көбейіп отыр.
Биылғы жылғы қаңтар-тамызда дүниеге келген сәбилер саны – 469 құрады. Ал ауданда биыл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 100 пайызды құрап отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда ет -100,2 пайыз, сүт -100,2 пайыз, жұмыртқа -100 пайыз көрсеткішке ие.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі биылғы жылғы қаңтар-қыркүйек айларына 8688 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 166,7 пайызды құраса, халық қаражаты есебінен қаңтар-қыркүйек айларында салынған пәтерлердің жалпы шаршы метр 11198 болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 93,1 пайызды құрап отыр. Көші-қон мәселесіне тоқталсақ, осы жылы қаңтар-тамызда ауданға келушілер саны -347 адамға жетті.
Г.САЛИКОВА.