Әлеуметтік қызметкер болу үшін ыстық ықылас керек

(0 Votes)

Жас біткенді қартайтып, жүйріктің бәрін мүдіртіп, өткірдің жүзін мұқалтып, өрдің бәрін жуасытып жатқан қатыгез тағдырдың құрығынан кім құтылған?. Өлшеулі өмір ақ-қарасының алмасып тұратындығымен мағыналы. Біреуге батпандай бақ бұйырса, тағы бірі тағдырдың сынағына кезігіп жатады. Түрлі жағдаймен мүмкіндігі шектеліп қалатын жандар мен егде тартқан шағында жалғыз қалып, қара басының күтімін күйттей алмай қалатын қарттардың жазығы  дүниеге адам боп келгені ме?

Басты байлығын - адам деп танып, олардың тілектерін ескеріп, толғандырған мәселелерін шешуге елімізде ерекше көңіл бөліп те келеді.

Азаматтарды әлеуметтік қорғау саласын арнайы министрлік басқарады. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары белгіленген.

Мақат ауданы бойынша аталмыш қызметке мұқтаж 49 тұрғын бар. Осы салада тер төгіп жүрген қызметкерлер біздің ауданда да жетерлік.

Кезекті жұмыс күнінде күтім жасауға жиналған қызметкерге ілесіп, біз де мүмкіндігі шектеулі, жалғыз басты жанның шаңырағына бас сұқтық. 

komek-1

Төребеков Бекхан Жәдігерейұлы  Ақтөбе облысында дүниеге келген. Аяқ астынан жол-көлік апатына ұшырап,  татар дәмі, көрер жарығы болғасын, ауыр жарақат алса да, ажалдан аман қалды. Алғашында сөйлеуден қалады. Араға алты жыл салып, кейіпкеріміз қайта сөйлей бастайды. Бүгінде екінші топ мүгедектігі тағайындалып, үкімет тарапынан тиісті көмегін де алып отыр. Тағдырдың сынағы мұнымен тынбады. "Жығылғанға - жұдырық" дегендей жары да кетіп қалған. Ең өкініштісі, екі баласы да о дүниелік болды.  "Бұл жақта туған інім мен қарындасым бар, әлеуметтік қызмет көрсететін жандарға мың рахмет. Дүйсенбі, сәрсенбі күндері келіп, керек-жарағымды түгендеп, үйімді жақсылап ретке келтіріп кетеді. Інім мен қарындасым да барынша жәрдемдеседі. Жақында үйдің ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізді",-дейді Бекхан аға. Қазір карантин кезі болғасын, үйінен ұзай алмай отырған Бекхан аға, "былайғы кезде жүрісім жақсы, анау-мынау адамға жеткізбей кетем",- деп әзілдеді. Тамағын да өзі әзірлеп іше береді екен. Тағдырдың біраз сынынан өткен оның тауы шағылмақ емес, бір жағынан әлеуметтік қызметкерлер де демеу.

komek

Біз ілесіп барған қызметкеріміз Лаура Төкенова. Ол 1999 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Оның қамқор қолының жылуын мүмкіндігі шектеулі  8 адам көріп келеді. Көбісі - қариялар.

Қарияларға қалтқысыз қызмет қылу тіпті туған перзенттерінің қолынан келмей жатады емес пе? Бұл салада еңбек ету үшін  табандылық пен қатар ыстық ықылас, жылуы мол жүрек керек. "Қариялардың қас пен қабағын аңдып, қайда жұмсайды, сонда баруға тырысып-ақ келеміз. Ұрысып, сәл қаттырақ сөйлеп жатса, көңілімізге алмаймыз",-дейді Лаура апай.

Жиырма жылға уақыт қаншама қарияның алғысы мен ақ батасына бөленген ерекше кәсіп иесі өз жұмысына дән риза.

 
А.САДЫКОВ
Суреттер автордан
     

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT