Жол-көлік оқиғалары көбінесе жылдамдықты асыру, жолдың қарсы жолағына шығу және жаяу жүргіншілер өтпесін ескермеуден болып жатады. Міне, осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында өткен аптада аудандық полиция бөлімі жергілікті атқарушы органдар, көлікті бақылау инспекциясы, денсаулық сақтау және білім беру қызметкерлерімен бірлесіп жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейд өткізді.
«Мақат-Атырау», «Мақат-Ақтөбе» тасжолын нысанаға алған жол-патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушілеріне жол ережерін мұқият сақтап, жылдамдықты шамадан тыс асырмау керектігі жөнінде талаптар мен ескертулер жасады. Ал, аудандық жедел-жәрдем қызметкерлері жүргізушілерді қосымша медициналық тексерістен өткізіп, қан қысымдарын өлшеді. Қажеттілің туындаған жүргізушілерге алғашқы көмек көрсетті.
-Қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері көбеймесе, азаяр емес. Көбінесе, мұндай жағдайлар жүргізушілердің ереже сақтамай, жауапсыздық танытуынан орын алады. Соған байланысты бүгінгі рейд кезінде көлік жүргізушілеріне жол жүру кезінде мұқият болып, қауіпсіздік белдігін тағу мен қатар, жылдамдықты шамадан тыс асырмау керектігі жөнінде ескерттік, - дейді аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Марат Сәбитұлы.
Бұған дейінде ауданда жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Айта кетейік, ауданда жыл басынан бері 21 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде республикалық маңызы бар тас жолдарда 24 адам дене жарақатын алып, 14 адам қаза болған.
Ә.ҚАСЫМ
Суреттер автордікі