Мақатта бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады

(0 Votes)

Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Уақыт таяған сайын ата-аналар да балаларын мектепке дайындау қамымен қарбалас үстінде жүр. Сауда орындарын жағаласаңыз, бағаны көріп жаға ұстарыңыз анық.

Қымбатшылық қысқан заманда сатып алушылар да алатын заттарын шамасына қарап таңдайды. Себебі, бүгінгі күні оқушылардың киімі мен оқу-құралдарын алу кез келгенің қалтасы көтере бермейтін мәселеге айналып отыр. Мән-жайға біз де үңіліп көрдік.

Баға шарықтап тұр...

Алдымен, аудандағы халық көп баратын «Гүлмира», «Ару» аталатын сауда орындары, «Арзан» отбасылық дүкендері мен «Барыс» базарына барып, салыстырмалы түрде киім-кешек пен оқу-құралдарының бағасын бақылап қайттық. Тауар бағасы әртүрлі. Баға соншалықты неге шарықтап тұр деген сұраққа сатушылардың айтар жауабы бір: «Қазір доллор өсіп жатыр. Барлық жерде тауарлар қымбат. Қосатынымыз азын-аулақ теңге».

Базарда мен де қарап тұрмай сауда жасамақ болдым. 11 мың теңге тұратын ақ жейденің бағасын қымбат деуім сол-ақ еді, сатушы бағасын түсіріп беретінін айтып, саудаласа кетті. Сондағы түскені 500-ақ теңге. Ал, бұл бағаны қарапайым халықтың қалтасы көтере ме?

Базарды әрмен қарай аралай түстім. «Барыс» базарында қыз балаларға арналған ақ жейделер 3000 теңгеден басталып, 11 мыңға дейін жетіп тұр. Ал, белдемшелердің орташа бағасы 8-9 мың, бұрымдыларға арналған бантиктер жұбымен 700-1000 теңге. Ер балалардың ақ жейделері  мен шалбарларын қоса есептегенде шамамен 15-16 мың теңгені құрайды. Бұған спорттық форма мен аяқ киімін қоссаңыз, бір баланың өзін киіндіру оңайға соқпайды.

«Арзан» дүкендеріндегі тауар бағалары да өзге сауда орындарындағы бағалармен шамалас.

Ал, оқу-құралдарының құны былтырғы жылмен салыстырғанда біраз өскені байқалады. Мәселен, сауда орталықтарында дәптер бағасы 40-45 теңге, яғни әр балаға 10 дәптердің өзі - 450 теңгені құрайды. Күнделік 300-700, түрлі-түсті қарандаш 400-960, қалың пәндік дәптерлердің 12 данасы 2200-2500 теңге аралығы болса, ұштағыш 250-500 теңге көлімінде сатылуда.

Баға мәселесінің бақылауда болатынын таяуда Премьер-Министр Әлихан Смайылов та айтқан болатын. Әсіресе, әкімдіктер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, облыс және аудан орталықтарында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелерін, сондай-ақ жылжымалы мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуын ұйымдастыруды тапсырды. Ал оның қашан жүзеге асатыны белгісіз. Уақыт болса, таяп қалды...

«Көмектен қағылып отырмын»

Күн санап өсетін азық-түлік, киім және басқа да тұрмысқа қажетті заттардың бағасы қалтаны қағып-ақ тұр. Біз де бір баланы оқуға дайындау шамамен қанша қаржы кететінін білу үшін ата-аналардың пікірін білген болатынбыз.

Кент тұрғыны Г.Жансұлтан мектеп жасындағы 3 баласына кем дегенде 100 мыңға жуық қаражат кететінін айтты.

«Жалпыға міндетті оқу қоры аясында көрсетілетін көмектің ұйымдастырылатынан хабардармын. Алайда, құжаттарды тапсырған уақытта ай сайын кіретін табыстан бөлек, бір жолғы қосылатын ақшаны қоспау қажет деп ойлаймын. Себебі, маған тиісті болса да, берілетін көмектен жыл сайын қалыс қаламын. Түсіндіре кетейін, жазғы уақытта еңбек демалысына қаламыз. Одан бөлек мерекелік сыйақымыз бар. Ал, құжатта осылардың барлығын есептейді.

Сондықтан, тек айлық табысты есептеу керек. Себебі, бұл көмек алатын қай отбасыға болсын тиімсіз» - дейді көпбалалы ана.

Балаларын мектепке дайындап жүрген көпбалалы ана Әсия Балмұхамбетованы сауда орнында кезіктірдік. Оның айтуынша, 5 баласының 3-еуі мектепке барады.

«Оқу жылы басталуына санаулы күндер қалды. Сол себепті, бүгін балаларыма қажетті  киім-кешек пен оқу-құралдарын алуға шықтым. 3 баланың өзіне 100 мыңнан астам қаражат кетті. Баға шарықтап тұр. Тіпті, аяқ-киімнің бағасы ересек адамдардыкімен бірдей, 8 мыңнан басталады.

Жалпы, өзім ай сайын көпбалалы аналарға берілетін 60 мың теңге жәрдемақы аламын. Оның өзі қазіргі таңдағы қымбатшылықта керек-жарағыңа жете қоймайды»,- дейді ол.

Иә, ата-ана қарызданып-қауғаланып болса да баласын жаңа оқу жылына дайындайды. Ұйқыны ұрлап, мазаны қашырып тұрған мәселе де осы. Тек, «Балам білімді болсын» деген армандары алдамаса екен...      

«Қаржы ата-ананың есепшотына аударылады»

Әр баланың білім алуына жағдай жасау мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі саналады. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы осал топтарға қажетті көмектер үкіметтен жасалып та жатыр. Аудандық білім беру бөлімінің табалдырығын аттағанда биыл қандай көмек көрсетілетінін біліп қайттық.

–Қазіргі таңда ата-аналардың тарапынан әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балаларына, жалпыға міндетті оқу қоры аясында көрсетілген көмектің ұйымдастырылуы, заттай немесе қаржылай берілуі жөнінде түсінбеушіліктер туындап, сұрақтар көп қойылуда.

Сол себепті мына мәселенің басын ашып, түсіндіре кетейі. Жалпы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулыға сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен  тәрбиеленушілерінің 5 санатқа бөлінеді. Атап айтқанда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысты ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен есепке алу тәртібі бар.

Сондай-ақ, ол жыл сайын аталмыш қаулы аясында әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балаларына заттай, яғни мектеп формасы, спорттық киімдер мен оқу құралдары мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сатып алынып, беріліп жүр. Биылғы жылы №64 қаулыға өзгерістер енгізілді. Ендігіде көрсетілген санаттарға сай, толық құжат тапсырған ата-аналардың балаларына әр балаға, ең төменгі күнкөріс деңгейінен (37389 теңге) төмен емес сомада қаржылай беріліп, ата-аналарының жеке есепшотына түсетін болады. Ал, ата-ана осы қаражатқа баласының мектепке толық білім алуына жағдай жасап, киіммен және оқу құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті. Және сол әр балаға алынған киімі мен оқу құралдарын алғандығын дәлелдейтін құжаттарын 15 жұмыс күні ішінде тапсыруы қажет. Яғни ата-аналар құжат тапсыру барысында білім беру ұйымының басшыларына өтініш жазған кезде алған қаражатты балаларға мақсатты түрде жұмсайтынын немесе басқа қажеттілікке жұмсамауы қажет екендігі ескеріледі. Егер басқа бағытқа жұмсаған жағдайда немесе мақсатсыз пайдаланған жағдайда жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде қаперлеріне беріледі,- дейді білім беру бөлімінің басшысы Айбол Долдашев.

Түйін: Баланы мектепке дайындаудың өзі де ата-ананы біраз әбігерге салатыны рас. Бір балаға шамамен 30-40 мың теңге кететінін жобалап білдік. Әлеуметтік жағдайы жоғары отбасыларға бұл баға ештеңе емес-ау... Ал, бұған орташасы былай тұрсын, әртүрлі себеппен ең төменгі жалақымен күн көріп жүргендердің шамасы келе ме? Бір отбасында бір емес, бірнеше бала оқитындардың жағдайы айтпасақ та түсінікті. Осы орайда әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға берілетін көмек пен мектептерде оқулықтың жеткілікті болуы – көңілге медеу болып тұр. Ал, бағаның ауыртпалылығын қанша айтқанымызбен, ешқандай нәтиже жоқ. Бұған сірә, етіміз үйреніп кеткендей...

 

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT