Ажырасуды қалағандар тағдырын ойламайды

(0 Votes)

Елімізде ерлі-зайыптылардың ажырасуы соңғы мезгілде көбейді. Соның салдарынан сотта балаға алимент өндіру, баланы бөлісу және ортақ мүлікті бөлу даулары да ұлғайды.

Өкінішке орай, мұндай қарым- қатынастан жазықсыз балалар зардап шегеді. Ұрыс-керіс, зорлық-зомбылық орын алған үйдегі балдардың ертеңгі күні мұндай өрескелдіктерді өз бала шағасына көрсететіні, жалпы тәрбиеде жауапкершіліктің не екенін түсінбеуі, мұның аяғы ажырасумен аяқталатындығы өкінішті.

Неке бұзудың себептері де сан алуан. Әсіресе сотқа арыз беретіндердің көбі – жастар, соның ішінде 18, 19 жастағы отбасылар. Екі жақтың ата-анасының ықпал етуімен келетін арыздар да бар. Сондай-ақ дүркіретіп той жасап, некеде небары екі ай тұрып ажырасатындар да жоқ емес. Сонымен қатар дінге деген көзқарастың сәйкес келмеуінен ажырасу да кездеседі. Жұбайлардың арасындағы осы кикілжің ағайын-туыстың қарым қатынасына да селкеу түсірумен қатар, балалардың тағдырына кері әсер тигізері белгілі. Себебі, ажырасқан отбасылардың баласы толыққанды тәрбие ала алмайды, өзіндік пікірін айта алмайтын жасқаншақ, әркімге жалтақтап жартылай тірі жетім болып өседі. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды, жанұя болғаннан кейін қиыншылықтарға төзе білу керектігін, сонымен қатар жанұясындағы өсіп келе жатқан балаларының ата-анасыз қалай өмір сүретіндігі туралы ойлағаны абзал.

Мақат аудандық сотына биылғы жылдың бірінші тоқсанында азаматтық іс бойынша барлығы 89 талап арыз түсіп, оның ішінде неке бұзу туралы 22 азаматтық іс тіркелген.

Өткен жылы 457 талап арыз түсіп, оның ішінде неке және отбасы туралы дауларға қатысты 88 азаматтық іс қаралып, тараптардың татуласуына байланысты 27 іс медиациямен аяқталған. Неке бұзу туралы азаматтық істі қараған судьялар екі тарапты татуластырып, барынша некені сақтап, отбасыларды бұзбауға жұмыстанады. Соның арқасында былтыр ауданымыздағы 27 отбасы некені сақтап қалды.

Сотқа келген тараптарды судьялар көбіне сот жүйесіне енгізілген медиация келісімін бекітіп, жұбайларды татуластыруға жұмыстанады.

Некені бұзу, ажырасу деген сотқа арызданып, шешім шығарумен аяқталатын мәселе емес, ар жағында бала тәрбиесі мен бала болашағы тұрғанын ескергенді жөн деп санаймын.

Н.ЕСИМОВА,

аудандық соттың кеңсе жетекші маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT