Қоғамды танып-білу қоғамда тіршілік етіп жүрген адамдарды танудан басталады.
Ал, адамдардың адамдық қасиеттерін танып-білудің бірден-бір жолы – олардың өмір сүрген ортасы, яғни отбасы және сол жерде алған тәлім-тәрбиесі.
Отбасына келер болсақ, ол – адам баласының жанына жақын әлеуметтік ортасы, сондай-ақ ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың асыл мұрасы. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ата-анасы және отбасы мүшелері оны алғаш рет өмірмен, өзін қоршаған ортамен және мінез-құлық нормаларымен таныстырады. Демек, бұл баланың келешекте саналы азамат болып өсуіне негіз болатын баспалдақ. Жанұя – бірлігі жарасқан орта, бала тәрбиесіндегі басты ұжым деп есептейміз.
Десек те, сандар жүйесіне көз жіберсек, біраз мәселені ажыратуға тура келеді. Мысалы, ауданымызда 2017 жылы барлығы 692 тууды тіркеу, 184 неке қию, 50 неке бұзу, 21 әке тану, 10 бала асырап алу, 6 атын, тегін, әкесінің атын өзгерту акті жазбалары тіркелген. Некеге арыз бергендердің 122-і электронды негізде өтініш берген. Шет ел азаматымен 1 неке тіркелген, қалыңдық - Қырғызстан азаматы.
«Неке (ерлі-зайптылық) және отбасы туралы» заңының 10-бабында неке жасы еркектер мен әйелдер үшін 18 жас болып белгіленген. Бірақ жүкті болған немесе ортақ бала туған кезде неке қиюды мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органдар неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендетеді. Некеге отыруға тілек білдірушілер және олардың ата-аналары не қамқоршылары белгіленген неке жасын төмендету қажеттігі туындайтын себептерді көрсете отырып, неке жасын төмендету туралы өтініш береді. Өткен 2017 жылы 4 неке, яғни қалыңдықтың жүктілігіне байланысты неке жасын төмендетіп тіркелген.
Енді неке бұзу мәселесіне тоқталсақ, оның 50 фактісі тіркеліп отыр. Оның 48-і сот шешімімен, 2-уі өзара келісімдерімен, яғни ортақ балалары және бөліске түсетін мүліктік даулары жоқ себептен АХАТ бөліміне өтініш беру арқылы некелері бұзылған. Ал, осы жылғы сандық деректерді ұсынар болсақ, 2018 жылдың алғашқы алты айында барлығы 85 неке қию, 26 неке бұзу, 9 әкелікті анықтау,1 атын,тегін,әкесінің атын өзгерту тіркелген. 9 айында 138 жұптың некесі қиылып, 35 неке бұзылған. Некеге тіркелгендердің 52-і электронды түрде өтініш берген. 2018 жылдың 6 айында 2 шет ел азаматымен некеге тіркелген. Екеуі де Өзбекстан азаматтарымен тіркелген. Некеге тіркелгендердің 5-уі неке жасын төмендетіп тіркеген.Оның ішінде 1 неке ортақ балалары болу себепті, қалған 4-уі қалыңдықтың жүктілігінен неке жасын төмендетіп некеге тіркелген. Неке жасын төмендеткендердің барлығы колледжде оқитындар немесе қызметте жоқ жастар.
Биылғы жылғы сандар да көңіл көншітпейді. Некеге тіркелгендер саны былтырғы жылдың 6 айымен салыстырғанда кеміген, сонымен бірге неке бұзудың көбейіп отырғандығы байқалады. Зерделеу барысында неке бұзудың басты себептері мінездерінің келіспеушілігі, ішімдікке салыну, жұмыссыздық болып отыр. Неке бұзудың барлығы да сот шешіміне сәйкес болды. Дана халқымыз: «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан бас-талады» деген еді. Балаға жас-тайынан адами қасиеттерге толы үлгі-өнеге көрсетіп, рухани құндылықтарды дәріптесек, «ұя бұзар» адам тәрбиеленіп шықпайтыны сөзсіз.
Қазіргі таңда ата-аналардың көбі батыстың тәрбиесіне еліктеп, баламыз жасқаншақ, болады деп, «ұят болады» деген сөздің түп мағынасын түсінбей, балаларға ненің «жақсы», ненің «жаман» екенін үйретпей, соңы не болатынын білмей жатады. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәні де осында тұр. Тарихымызға үңілсек, ерте заманда бір жанұяның тәрбиесіздігінен бір рулы елдің сүйегіне таңба түскен екен. Некеге қыз балалар 20-22 жаста, ал ер балалар 23-25 жас аралықтарында тіркелген дұрыс болады деп ойлаймын.
Ерте некеге тіркелу, отбасын құру қай жағынан қарағанда да, материалдық, психологиялық тұрғыдан болсын, қиын. Физиологиялық, психологиялық жағынан әлі толық дамымаған жастардың өмірлік тәжірибесі аз. Содан келіп, жаңа отбасын құрып отырған жастар ажырасу деген «оңай жолды» таңдап жатады. Ата-ана үйде балалардың тәрбиесіне жиі көңіл бөліп, мектептерде психологиялық сабақтар көбірек өткізілсе, оның да өз ықпалы болар еді. Сол шараларға имамдар мен ата-аналарды, АХАТ қызметкерлерін қатыстырып, бас қосулар өткізу тәрбиелік шара мәнін аша түсер еді.
Қорыта келе, еліміздің, халқымыздың және ұлтымыздың абыройы әрдайым жоғары, аяғында нық тұрған және бүкіл жер жүзі мойындаған керегесі кең дәрежеде болуы болашақ ұрпақтың бойындағы ұлттық сезім мен имандылықтың бар болуына байланысты. Ал бұл өз кезегінде елімізде бұрыннан қалыптасып кеткен салт-дәстүр мен отбасы тәрбиесіне байланысты. Сондықтан да қазіргі таңда жас ұрпақты тәрбиелеп отырған қазыналы ата-әжелеріміз, ата-аналарымыз неғұрлым иманды болса, жастарымыз соғұрлым ибалы болары анық.
Гүлжанар ӨТЕШОВА,
аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілер тіркеу бөлімінің басшысы.