Арманға айналған баспана немесе үмітпен өткен есіл уақыт

(0 Votes)

Жалпы әр адамның әлеуметтік жағдайы әуелі қызметі мен баспаналы болуымен өлшенеді.

Яғни, адамның өзін адам ретінде сезінуі оның әл-ауқатының дұрыс болуына тікелей байланысты екенін бүгінде ешкім жоққа шығара қоймас.

«Үй болмай, күй болмайды» дегендей, әсіресе, тұрмыстық қиындықтың салдары елімізде бірқатар жандардың отбасы шырқының бұзылуына, балдырғандардың ел болашағына лайықты азамат болып өсуіне кері әсер етіп келе жатқаны сөзсіз. Бұл — мемлекет назарындағы мәселе. Сол себепті де, әр азамат өзінше шаңырағы қоныстанар орын іздеп, оның жайлы болуын жылдар бойы армандайтыны шындық. Қолда бар мүмкіндігіне қарай әркім өзінше қарекет жасайды.

Бірқатар азаматтар: «Мемлекеттік қызметте емеспін», «пәтер алу үшін «жас» отбасы болуым қажет», «менің тұрақты әрі жоғары жалақым жоқ», «табысым аз», «зейнетақы қорым ашылмаған»… Мұндай шектеулермен пәтерге қолы жетпей жүргендер өте көп. Кейде осы мәселенің шешімі жоқ деген оймен тұрғын үй бағдарламасына мән бермейтін сәттер де болады. Ал шын мәнінде, Қазақстанның кез келген азаматының баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Бірақ, қалай? Редакциямызға келген хаттардан осы мәселенің шешімін іздеп таба алмаған тұрғындардың жан айқайын сезінгендей болдық.

Мақат кентінің тұрғыны А.Оразғалиева газетке жазған хатында 11 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрғандығын, осы жылдар бойы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жыл сайын барып, кезектегі орнын біліп қайтып жүргендігін, бірақ, тек 11 жыл өткен соң ғана кезекке тұруының өзі негізсіз екендігін білгендігін айтып қынжылады.

«Мен кезекке тұрған кезде ЖКХ бөлімінің бастығы А.Қосмағанбетов болды. Осы жылдың күзінде ғана мені тұрғын үй кезегінен шығарып тастады. Себебін жолдасымның меншігіндегі өзіміз тұратын 1 бөлмелі пәтеріміздің болуы деп түсіндірді. Алақандай 1 бөлмелі пәтер 6 жанға аздық етеді. Бұл пәтер мен кезекке тұрған кезде де болды. Бірақ, көлемі маңызды емес, бастысы атағыңда үйің болса, кезекке тұра алмайсың деген кеңесті сол ЖКХ –ның бірде бір маманы айтуға болмады ма? Қате тізімге енгендігімді сол кезде неге ескертпеген. Сол кезекке тұрған 2007 жылдан бері мен аудан әкімдерінің бәрінің қабылдауында болдым.4 баламен «қуықтай» бөлмеде тұратынымды айтып келдім. ЖКХ бастығы А.Қосмағанбетовтің өзі маған кезегіңіз жеткен жоқ. Кезегімен аласыздар деп үміттендіріп келді.

«Ұлық болсаң, кішік бол» деген ұлы сөздің мәнісін ұғынбаған мемлекеттік қызметкердің ісіне енді кім жауап береді» десе, осы мазмұндас Мақат кентінің тұрғыны А.Абдулованың хатында да 2007 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғандығы айтылған. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, «Мақат тынысы» газетінде алғашында ақпан айында шыққан тізім бойынша жарияланған 674-дің үстіндегі кезектің тамыз айында қайта түгендеу, құжат тапсыру кезіндегі өзгеріске ұшырағандығын, тіптен 231-ге дейін кезектегі азаматтардың шығып қалғандығынан болып отыр.

Кезектегі тізімнен өз аттарын таба алмаған тұрғындар енді аудан әкімдігіне келіп, шағым етуде. Соның бірі А.Абдулова: «Бұйырса, алдағы жылы жаңа үйге көшеміз деп отырғанда 11 жыл күткен үмітімізді су сепкендей басып тастады. Егер менің кезекке тұрғаным заңсыз болса, онда менің құжаттарымды қабылдап алған мекеменің қызметкерінікі заңды ма? Ал сол кездегі бастығы А.Қосмағанбетовтің жиналыс пен қабылдаулар кезінде үміттендіріп келген әрекеті де заңды ма? Біз 2 бөлмелі пәтерде 13 адам тіршілігімізді жалғастырып жатырмыз. Бірақ, бізді осыншама жыл алдап келген адамға бір жауап болмайды ма екен? Басқа барар жерім болмаған соң жазып отырмын» дейді оқырманымыз налып.

Дәл осындай жайттың куәсі болған өнер мектебінің ұстаздары да ауызша реніштерін білдіргенімен, атын жазып, көпке танылғысы жоқтығын, бірақ, тұрғын үй кезегіне қатысты өтініштерін аудан әкімі қабылдауында аудан басшылығына жеткізгендіктерін айтты. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың құқықтық сауаттылығын түрлі ресурстар арқылы кеңейтуге мүмкіндігі бола тұра, неге кеңес алып, заңдылығын тексермеді деген заңды сауал туындайды бұл жерде. Редакцияға төрт бірдей Мақат кенті тұрғындарының арызы жеткен соң да бұл мәселенің неге осындай дәрежеге дейін жеткендігінің анық-қанығын білмек ниетпен аудан әкімдігіне хат жолданды.

Хаттың жауабы келесі нөмірімізде жарияланатын болады. Яғни, тұрғын үй кезегіне кімдер тұрады? Кезек қалай жылжып жатыр? Жеңілдікпен берілетін үйлерге қалай қол жеткізуге болады? Бүгінде бас ауруға айналған баспана төңірегіндегі осындай сауалдарға мамандардың түсінігін күтеміз. Баспана мәселесі қолжетімді болып, түйткілдің түйіні тарқауы тиістігін Елбасы да жиі айтады. Әсіресе, ұзақ мерзімге жалға беру мәселелерін қарастыру туралы да тапсырмасы бар. Қаншама үйлер салынып, инфрақұрылым бар жерлер беріліп жатса да, тұрмыс мәселелері, әсіресе, үй алуға мұқтаж жандар әлі де болса, жетерлік. Қазір «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сияқты халықтың пайдасына бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Соның негізінде, азаматтар жаңа пәтерлерге қоныстануда. Сөзімізге дәлел, өткен жылғы Доссор кентіндегі 60 пәтерлік үйдің берілуі. Алайда адамдар мемлекеттік көмекті күтіп отырмай, баспана алудың басқа да жолдарын пайдалана білгендері дұрыс. Біздің тілегіміз, «Үйі бардың күйі бар» демекші, әрбір қазақстандық баспаналы, бақуатты болсын дейміз.

Г.САЛИКОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT