Алдағы 6 жылға барлауға $70 млн-нан астам инвестиция тартылды – Энергетика министрлігі

Алдағы 6 жылға барлауға $70 млн-нан астам инвестиция тартылды – Энергетика министрлігі
(0 Votes)

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геология саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің, сондай-ақ Ұлттық геологиялық қызметінің басшылары баяндама жасады.

Өз кезегінде энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев бүгінгі таңда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың жалпы саны 324 екенін, оның ішінде барлауға – 15, барлауға және өндіруге – 170, өндіруге – 131, ӨБК – 8 болғанын айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, мұнай-газ кешені – бюджетке ірі көлемде түсімдерді, инвестицияларды және жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін Қазақстанның экономикалық өсуінің маңызды факторларының бірі. Қазіргі уақытта мұнай саласында шамамен 220 мың адам еңбек етеді, оған өндіру, өңдеу, тасымалдау және мұнай сервисі кіреді. 2023 және 2024 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауға тиісінше 150 млрд және 160 млрд теңге инвестициялады. 2025 жылдың 9 айында геологиялық барлауға салыған инвестиция көлемі 80 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін геологиялық барлауға салынатын инвестиция көлемі алдыңғы жылдардың деңгейімен бірдей болады деп күтілуде», — деп атап өтті Қайырхан Тұтқышбаев.

Оның айтуынша Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану саласындағы процестерді дамыту және цифрландыру бойынша жүйелі және кешенді жұмыс жүргізуде. Өткізілетін іс-шаралардың негізгі мақсаты – саланың ашықтығын, тиімділігін және басқарылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларға мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен жылдамдығын арттыру. Қазіргі уақытта ведомствода жер қойнауын пайдалану процестерін цифрлық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін «Жер қойнауын пайдалануды басқарудың мемлекеттік бірыңғай жүйесі» (ЖҚПБМБЖ) жұмыс істейді. Бұл жүйе жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар жасасудан және жүргізуден бастап есептілікті қалыптастыруға және жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттық міндеттемелерді орындамаған жағдайда хабарламалар жіберуге дейінгі процестердің толық циклін автоматтандырады. Мұнда есептіліктің 75 нысаны, мемлекеттік жүйелермен жұмыс істеп тұрған 6-дан аса интеграция іске асырылған. Бұдан басқа, ЖҚПБМБЖ арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді көшіру жөніндегі мемлекеттік қызмет адамның қатысуынсыз жүзеге асады.

Бүгінгі күні электрондық-қағаз түрінде көрсетілетін жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар және оларға толықтырулар жасау бойынша мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа толық ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Үкімет отырысында вице-министр кен пайдалану саласындағы аукциондардың ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«2020 жылдан бері аукциондарды өткізу рәсімі толығымен автоматтандырылған, сауда-саттықтар e-qazyna.kz порталында өткізіледі, бұл оны барынша ашық етеді. Мәселен, биыл министрлік 2 аукцион өткізді, оның нәтижесінде 11 келісімшарт жасалды. Бюджетке 10,6 млрд теңге аударылды. Алдағы 6 жылға барлауға $71,6 млн инвестиция тартылып отыр. Жаңа айтып өткен, Жер қойнауын пайдалануды басқарудың мемлекеттік бірыңғай жүйесі (ЖҚПБМБЖ) ақпараттық жүйесінде хабарламалар электрондық түрде жолданады. Осы хабарламаларды жыл сайынғы мониторинг нәтижесінде 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың атына жалпы сомасы шамамен 19 млрд теңге болатын келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы 167 хабарлама жолданды. Осылайша,  мемлекеттік бюджетке шамамен 2 млрд теңге түсті. Бұл жұмыстар министрліктің тұрақты бақылауында», — деп атап өтті Қайырхан Тұтқышбаев.

Оның айтуынша, министрлік қабылдаған келісімшарттық міндеттемелер ұзақ уақыт орындалмай бос тұрған жер қойнауы телімдеріне ревизия жасау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде биыл 17 келісімшартты бұзған. Мемлекетке қайтарылған жер қойнауының учаскелері инвестициялар тарту үшін аукционға қойылады. 

Мемлекет басшысының жаңа өндірістер құру және мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде де министрлік елішілік құндылықты дамыту жөнінде тұрақты іс-шараларды жүзеге асыруда. ЖҚПБМБЖ ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алынатын тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту туралы есептерін үнемі талдайды. Талдау қорытындылары бойынша отандық өндірушілердің үлесін ұлғайту және олардың одан әрі дамуын қолдау үшін шаралар қабылдануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл ірі операторлар (ТШО, НКОК, КПО) мен отандық тауар өндірушілер арасында жалпы сомасы $467,3 млн құрайтын 40 келісімшартқа қол қойылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

«Мемлекет басшысы табиғи ресурстарды тиімді және ақылға қонымды пайдалану қажеттігін, сондай-ақ мұнай-газ саласына, әсіресе геологиялық барлау, жер қойнауын кешенді зерттеу және қосымша инвестициялар тарту саласында жаңа шешімдер қажет екенін атап өтті. Геологиялық барлауды ынталандыру мақсатында депутаттық корпус бірқатар маңызды заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасады. Олардың ішінде мыналарды атап өтуге болады. Біріншіден, аумақтардың ағымдағы шекараларын сақтай отырып, өндіру учаскелерін тереңдету мүмкіндігі. Бұл жаңа кен орындарын іздеуге түрткі болады, компаниялардың қосымша инвестициялар тартуға қызығушылығын арттырады және мемлекетке жаңа геологиялық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, былтыр қабылданған "Экономиканы ырықтандыру туралы" Президент Жарлығы шеңберінде ұлттық компанияларды жер қойнауы учаскелерін басым құқықпен резервацияға алуын үш жылдық кезеңмен шектеу ұсынылды. Бұл бәсекелестіктің дамуын арттырады, әлеуетті инвесторларды тартады және учаскелерді барлауды және кейіннен өнеркәсіптік өндіруге тартуды жеделдетеді. Үшіншіден, ауыр және тақтатас мұнай сияқты қиын алынатын қорларды игеруді ынталандыру мақсатында күрделі жобаларды барлау мен өндіріске дайындау критерийлері түзетулер арқылы кеңейтілді. Осы түзетулерді қабылдау орта мерзімді перспективада 18,7 млн тонна көлемінде АВС1 + С2 санаты бойынша алынатын мұнайдың жиынтық қорлары бар Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар кен орындарына инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Биылғы 5 қарашада екінші оқылымда заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары қолдады», — деді энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.

Оның айтуынша, Қазақстанның шөгінді бассейндерін кешенді зерттеу нәтижелері бойынша алынатын шартты отын ресурстары шамамен 76 млрд тоннаны құраған, оның 6 млрд тоннасы аз зерттелген және келешегі аз бассейндерде шоғырланған. Мемлекет аз зерттелген аумақтар бойынша геологиялық ақпарат алумен қатар, ол жерлерге келешекте қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік қарастырады. Министрлік цифрландыру мен автоматтандыру құралдарын қолдану арқылы елдің геология саласын дамыту және жер қойнауын пайдаланудың ашық рәсімдерін қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыратын болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT