Атырауда іздеудегі күдікті психотроптық дәрілерді заңсыз тасымалдаған. Ол сыбайласымен бірге ұсталып, қамауға алынды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, салонында 31 жастағы екі жігіт бар «Nissan» автокөлігі күдік тудырған. Күдікке ілінген көлік жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына түскен. Орталық қызметкерлері көлік туралы деректі патрульдік полиция батальонының инспекторларына хабарлаған.
«Полиция инспекторлары сағат 18:30 шамасында Атырау қаласының Ж. Молдағалиев көшесіндегі 26-үй маңында «Nissan» автокөлігін тоқтатты. Автокөлік салонын тексеру кезінде 52 дана трамадол, 67 дана тропикамид психотроптық дәрілері табылды. Дәрігердің рұқсатымен ғана берілуге тиіс психотропты дәрілерді заңсыз тасымалдаған 31 жастағы екі ер адамға қатысты іс қозғалып, тіркеуге алынды. Күдіктілердің мұндай көлемдегі дәрілерді қандай мақсатпен тасымалдағаны тергеу кезінде анықталады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір ұсталған күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Белгілі болғандай, күдіктінің бірі бұрын ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 1-бөлігімен іздеуде болғаны анықталды.