Бүгін Мақат ауданының 95 жылдығына орай мақаттық екі желаяқ өздерінің жүгіруін арнады. Олар Мақат кентінен 8.00-де шығып, Доссор кентіне жетіп, Мақатқа кейін қайтып келді.
Айналасы 5 сағатта екі кенттің ортасын жалғаған желаяқ Қабдолла Мейірбек күннің желді болғаны жүгіруге аз ғана кедергі жасағаны болмаса, жолдың тақтайдай тегістігі ерекше шабыт қосады дейді.
Бұдан бұрын да марафонға қатысып, бойын шыңдап жүрген Мейірбектің 60 шақырымға жүгіруі алғаш рет екен.
Парасат Құлмұқанов та 60 шақырымға жүгіруім алғаш рет деп отыр.
Салауаттылықты жанына серік еткен жігіттердің тартуы елден ерекше.
Барша жерлестеріне үлгі болып, қозғау салған Парасат пен Мейірбекті әлі де жастар мақтан ететін болады.
Парасат қыста ел астанасында өтетін марафонға қатысуға ниетті.
Десе де, ауа райының қаталдығы мен қаржы тапшылығын жеңсе, оны да көруге пейілді.
Аяқтарыңыз талмай, талай қашықтықты бағындыруға жазсын, жігіттер!
Өз тілшіміз