Латвия елінің Рига қаласында дзюдодан ересектер арасында ашық Европа кубогі өтті.
Әлем елдерінің 28 мемлекетінің спортшылары бақ сынаған бәсекеде жерлесіміз Ұлықбек Әбілхайыр 60 келі салмақта өнер көрсетіп, чемпион атанды.
Жарыс жолын екінші айналымнан бастаған Ұлықбек Нидерланд, Словакия, Ұлыбритания спортшыларын жеңіп, финалда Қазақстандық Шерзод Давлатовпен кездескен болатын. Байрақты бәсекенің ақтық сынында Ұлықбек басымдық танытып, жеңісті қолдан бермеді.
Айта кетейік, ауданның, облыстың ғана емес, еліміздің абыройын әлемде асқақтатқан Ұлықбек бүгінде өзі тәрбиеленіп шыққан Доссор балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы боп қызмет атқарады.
«Жалпы, жарыс жақсы деңгейде, тартысты да қызықты өтті. Белдесудегі қарсыластарым да үлкен дайындықпен келген. Жарысқа дейін Алматы қаласында оқу-жаттығу жиыны болды. Сол жерде де дайындық жаттығуларын өткізіп, ауылға келіп те дайындықты тоқтатпадым. Үздіксіз жаттығулар мен еңбектің арқасында жеткен жеңісімді бапкерлерім Доссор балалар жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Азамат Бегалиев пен Атырау қаласындағы ересектер арасындағы аға-жаттықтырушы Қуаныш Сүлейменовтің еңбегі орасан. Маған қолдау танытып, сенім білдірген бапкерлеріме алғысым шексіз дейді», - чемпион.
Иә, мұнайлы мекеннен шыққан спортшымыздың бүгінге дейін алған асулары мен бағындырған биіктері көп. Ендеше, әлемдік додадаларда топ жарып, еліміздің көк туын көкке желбіретіп жүрген саңлағымызға жеңісті күндерің көп болсын дейміз!
Әсем ҚАСЫМ