Аудандық мәдениет үйінде халықтық театр әртістерінің дайындаған драматург Қанат Жүнісовтың "Махаббат мелодрамасы" қойылымы сахналанды.
Замандастарымыз адал махаббат, пәк сезімге сызат түсірмеу, баянды ғұмыр кешудің маңыздылығын қалай түсінеді, олар үшін махаббат сезімі деген не? Спектакль сырлы сезімнің ғажайып сырын суреттей отырып, осы сұрақтардың жауабына үңілді.
Аудандық мәдениет үйінің әртістері бұл қойылымға жақсы дайындалғаны, ә дегеннен-ақ байқалды. Сахна шымылдығы түріліп, спектакль басталысымен күнделікті көріп жүрген өнерпаздарымыз өз рөлдеріне енді де кетті. Енді олар сағатқа жуық сахналық образда ғұмыр кешеді. Айқайлады, жылады, қуанды, күлді. Бұларға қосылып, көрермен де бір толқыды, бір күлді. Қойылымдағы көріністерді күнделікті өмірден де жиі байқап жүргеніміз жасырын емес. Қойылымның желісі бойынша таланты болса да ,таныс таба алмай жүрген жас әнші амалсыз арам пиғылды продюсермен көп жылдық келісімге отырады. Қалтасының қалыңдығына сеніп, барлық нәрсені ақшаға сатып алып үйренген Әмір әмірін жас қыздың жүрегіне жүргізе алмай әлек. Ал, Ақсәуленің сүйіктісі Дарынның көзін байлап тұрған оның өнер адамына тән бойындағы аңғалдық. Жан бағу үшін жағымпаздыққа баратын Оспан болса, қара басының қамын ойлап қос ғашықтың арасын бөлу үшін ақ тер, көк тері шығып жүр. Байыппен бақылап қараған адамға қойылымның көрсетер тәлімі жетерлік.
Ауылдан келген Дарынның анасы, адал сүт емген ұлының қалтасынан анаша деген пәленің қайдан келгенін түсінбей дал. Ендігі үміт қара қылды қақ жарған құқық қорғаушы Айқында. Қазылған орға түбінде өзі түсетінін Әмір қапелімде қайдан ғана біле қойсын. Жас қызға желігіп жүріп, даңдайсыған Әмір ақыр аяғында өзін-өзі ұстап берді. Осылайша қаншама құрылған қақпанға қарамастан, зұлымдықты махаббаттың құдірет күші жеңді соңында. Қойылымның аяғында ізгілік пен әділдік орнап, қара пиғылдың құрдымға кеткені көрініс тапты.
Күнделікті мерекелік шаралардан бөлек қойылым дайындауға да үлгерген мәдениет үйі қызметкерлеріне аудандық мәдениет , дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Исполов жиылған жұртшылықтың атынан алғыс айтты.
А.САДЫКОВ
Cуреттер автордікі