АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар бұған дейін Мәжіліс 2 оқылымда қабылдаған 8 заңды талқыға салады.
Сонымен Сенат отырысының күн тәртібіне мына заңдар шығарылып отыр:
«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы»;
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы және Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»;
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы».
Алдымен сенаторлар құқық бұзушылықтың алдын алу саласында адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және сақтауды қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау және нығайту жөнінде маңызды нормалар бар заңды және ілеспе екі заңды талқыға салады.
Жаңа заң қолданыстағы бес заңның нормаларын біріктіреді және бірыңғай профилактика жүйесін құруға бағытталған. Құжат профилактика субъектілерінің тізбесін кеңейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысатын белсенді азаматтарды ынталандыру шараларын күшейтеді. Алғаш рет қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама даярлауды және уәкілетті органдардың жұмысын бағалауды көздейді. Сондай-ақ оған профилактиканың арнайы және қылмыстың салдарын зерттеу шаралары енгізіледі.
Депутаттар қарайтын тізімдегі төртінші құжатты Мәжіліс 19 қарашада қабылданған еді. Сол кезде Мәжіліс депутаты Арман Қалықов әріптестері енгізген ең маңызды түзетулерінің бірі ретінде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы тек мемлекеттің меншігінде болады деген норманы атады.
- Бұл аталған платформаның құрамында стратегиялық маңызды мемлекеттік ресурс саналатын геологиялық ақпараттың болуына байланысты. Сондықтан оның тұтастығын, қолжетімділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нормаларды заңда бекітуіміз қажет, - деді ол.
Бұдан бөлек, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының жұмыс істеуін қамтамасыз ету геология саласындағы Ұлттық операторға жүктелген. Депутаттар геология саласындағы Ұлттық оператор (Ұлттық геологиялық қызмет) жекешелендіруге жатпайтынын көздейтін аса маңызды түзетуді де енгізді.
Құжат нормалары инвестициялық тартымдылықты арттыруға және мемлекеттің уран саласындағы мүдделерін қорғауға бағытталған. Осыған байланысты заңда аз зерттелген аумақтарда геологиялық зерттеу жүргізу ерекшеліктері белгіленеді. Атап айтқанда, аз зерттелген аумақтарға жататын учаскелерді қалыптастыру тетіктері, сондай-ақ, аз зерттелген аумақтарда барлау мен өндіруге арналған келісімшарттарды жасасу және шарттарының ерекшеліктері айқындалады.
Депутаттар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарайды. Аталған заң арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару, жер пайдалану құқықтарын мұрагерлікке алу, сондай-ақ, алименттік міндеттемелерді орындау мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізіледі.
Талқылауға шығарылып отырған алтыншы заңда археологиялық жұмыстарды лицензиялау жүйесін өзгерту, ескерткіштер мен археологиялық нысандар туралы деректерді жүйелеу, Біріккен автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру, сондай-ақ Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты үйлестіретін Ұлттық археологиялық қызметтің құзыреттерін айқындау көзделеді.
Отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарайды. Аталған құжатта мемлекеттік архивтердің азаматтардың сақтауға берілген дербес деректері мен жеке ақпаратын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі функциялары бекітілді. Заң нормаларына сәйкес құжаттарды цифрлық мұрағатқа тұрақты сақтауға беру және жүргізу тәртібін регламенттеу мұрағат материалдарын сақтаудың қолжетімділігі мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мәжіліс 12 қараша қабылдаған бұл құжатта балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мақсатында жария кеңістікте, сондай-ақ масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып, педофилияны және дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратты орналастыруды шектеу жөніндегі нормалар көзделген.
— Балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі жағымсыз контенттен қорғау туралы қоғамның алаңдауын ескере отырып, заң жобасына қоғамдық кеңістікте педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді. Балалар мен жасөспірімдердің отбасы, имандылық және болашақ туралы түсінігіне кері әсерін тигізетін ақпаратты күн сайын желіде кездестіретінін байқап отырмыз. Жас ұрпақты заңсыз контенттен қорғау — олардың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығының мәселесі, — деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Айта кетейік, өткен аптада Сенаттың жалпы отырысы өткен жоқ. Ал 4 желтоқсандағы отырыста сенаторлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне көмірсутектер мен уран саласында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Палата отырысының соңында сенаторлар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, сенатор Нұртөре Жүсіп «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардың кейбірі міндеттемелерін орындамайтындығын айтты.
— Мемлекет қаражат бөліп келеді, бірақ ауылдық жердегі кадр тапшылығын шешуде бағдарлама тиімді болды ма деген сұрақ бар. Бүгінде халықтың 37%-ы, яғни 3 млн-нан астам, 4 млн-ға жуық адам ауылда тұрады. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 2025–2027 жылдары аралығында кадр қажеттілігі 3 043 адам. 114 мың маман көтерме ақы алғанымен, тек 52 мыңы ғана тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ауылда мамандардың қаншасы сонда тұрақтап қалды, нақты көрсеткіштер ашық емес. Ақшаны алады, қалтаға салады. Уақыт өтеді, ауылдан кетеді. Жәрдемақылар маманды тартуға көмектеседі, бірақ тұрақты қалуға жеткілікті мотивация бермейді, — деді Нұртөре Жүсіп.



