18-21 желтоқсан күндері аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында Муай-тайдан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға 35 елдің спортшылары қатысты. Ал ұлттық құрама сапында қос жерлесіміз Еламан Саясатов және Әбіл Галиев бақ сынады.
63,5 келі салмақта Әбіл Галиев іріктеу кезеңін Ирандық спортшы Махди Асади және Бахрейн елінің спортшысы Али Альшуваикаға қарсы өткізіп, нокаунтпен жеңді. Чемпионаттың жартылай финалында Вьетнамдық спортшы Чонг Сяо Мин Патаны 30:27 есебімен ұтты. Ал ақтық сынды Әбіл БАӘ-нің спортшысы Нуриддин Самирге қарсы өткізді. Финалдық бәсекенің алғашқы раундтын судьялар жергілікті спортшының есебіне шешті. Дегенмен намысқа тырысқан Әбіл нағыз жігіттік мінез танытып, қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді. Осылайша ол Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып, чемпион атанды.
Ал Еламан чемпионаттағы алғашқы жекпе-жегінде Тайпей елінің спортшысы Чен Хонг пен кездесіп нокаундпен жеңді. Келесі кездесуінде Вьетнамдық Хюн Хонг Пи мен жұдырықтасып 28:29 есебімен жарыс жолынан шығып қалды. Бұл Еламанның әлемдік додаларда финалдық бәсекеге жетпей орта жолда аяқтаған алғашқы жарысы болды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды. Қазақ тайбоксшылары Абу-Даби шаршы алаңынан 14 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды.
23 желтоқсан күні бір топ спорт мамандары мен спортшылардың туыстары әуежайдан ел мақтаныштарын салтанатты түрде күтіп алды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА