Ауданымызда қаншама спортшының жұлдызын жаққан бапкерлер санаулы-ақ. Олар – тек спорттың ғана емес, шыдамдылық пен табандылықтың ұстаздары.
Сол санаулы бапкерлердің бірі – Доссор балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо жаттықтырушысы, дзюдодан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының екі дүркін қола жүлдегері, қазақ күресінен бірнеше дүркін түйе балуан - Азамат Бегалиев.
Ол – шәкірттерінің жеңісіне өз қуанышынан бетер қуанатын, әрбір сәтсіздігіне демеу бола білетін, бүгінде талай спортшының бағы жа нуына себепкер болып жүрген білікті бапкер. Азамат Серікұлы 1992 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Спортқа деген қызығушылығы бала кезден бастау алған. Доссор кентіндегі Абай орта мектебінде 1998-2007 жылдар аралығында білім алған.
9 сыныпты аяқтаған соң, колледжге мұнай саласына оқуға түсіп, кәсіби маман иесі атанады. Колледжді бітірген соң, жүрегі спортқа жақын болғандықтан, ар манын кейінге қалдырмай, жоғары білімін спорт саласы бойынша жалғастырады. Бүгінде ол – жоғары білімді спорт маманы.
Азамат Серікұлының спортқа алғаш қадам басуына себепкер болған – анасы. Кішкентайынан күреске әуес бала қандай күрес түрі барын білмесе де, алысып-жұлысуға деген құмарлығы ерекше болғанын айтады.
“2001 жылы Доссор кентінде алғаш рет «Ембімұнайгаз» спорт кешені ашылып, менің спорттағы бағытымды анықтап берді. Кешенде алғаш ашылған спорт түрлері – бокс, каратэ, футбол, самбо, баскетбол және волейбол болды. Анамның қолдауымен самбо бөліміне жазылып, алғашқы бапкерім Қанат Сакуповтің жетекшілігімен жаттыға бастадым. Кейін спорттағы дара жолымды қалыптастырған Өтеуов Серік ағай болды. Ол маған бағыт-бағдар беріп, алғашқы жетістіктерге жетеле уге себепкер болды”, - дейді ол.
Бапкер болу – тек спорт үйрету емес, тұлға тәрбиелеу. Азамат Серікұлы бұл жолда 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол тек шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, өзінің де белсенді түрде күресіп жүрген кезі болған.
“Бұл – мен үшін жай мамандық емес, өмірлік жолым. Бапкерлікпен айналыса жүріп, өзім де бозкілемге шықтым. Қазір шәкірттерім – Қазақстан чемпиондары, республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері. Әлем, Азия чемпионаттарының жүлделі орындарынан көрініп, Еуропа мен Азия кубоктерінде топ жарып, ел намысын қорғап жүр. Көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқан сәттер – мен үшін баға жетпес бақыт. Бұл – басы ғана. Алда әлі талай жұмыс бар. Біздің мақсат – олим пиада чемпионын шығару. Сол арман жолында тоқтамай еңбек етіп келеміз. Әлі де жасайтын жұмыс көп. Жеңісті күндер алда”, – дейді ол алға сеніммен қараған көзқараспен.
Спорт жеңіс пен жеңілістен тұратынын айтқан бапкер: “Жеңсең, еңбегіңнің өтеуін көріп қуанасың. Ал жеңіліс – қайрат жинайтын сәт. Сол сәтте өзіңді қайта шыңдап, келесі бәсекеге дайын дала түсесің. Нағыз спортшы – әр жеңілістен сабақ алып, әр жеңіске табандылықпен жететін жан. Спорт – ешқашан оңай жол болған емес. Бұл – қаншама еңбек пен маңдай тердің нәтижесі. Жеңіс тек талантымен емес, табандылығымен ерекшеленетін жанға ғана бұйырады. Кім еңбек етсе – сол ғана жеңіске жетеді», – дейді. Бапкердің айтуынша, ауданда бұқаралық спортты дамыту үшін ең алдымен балаларды спортқа тарту қажет. Бұл бағытта әр салада спорттық шараларды көптеп өткізу маңызды. Жарыстар мен белсенді іс-шаралар неғұрлым жиі ұйымдастырылса, балалардың спортқа қызығушылығы артып, салауатты өмір салты қалыптасады.
Азамат Серікұлы – спортты өмірінің мәніне айналдырған, шәкірт тәрбиелеуде елеулі еңбек етіп келе жатқан жан. Ол жастайынан спортқа бет бұрып, бүгінде чемпиондар шығарған тәжірибелі маман ретінде аудан спортының дамуына зор үлес қосып отыр. Оның басты мақсаты – олимпиада чемпиондарын тәрбиелеу.
Сондықтан осы жолда еңбек етуден жалықпай, табандылықпен жұмыс істеп жүрген бапкердің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Әсем ҚАСЫМ