Баскетбол – әлемдегі ең танымал әрі серпінді дамып келе жатқан спорт түрінің бірі. Бұл спорт тек доппен ойнау емес, ол – жылдам шешім қабылдауды, тактикалық ойлауды және үздіксіз қозғалысты талап ететін командалық ойын болып табылады.
Елімізде баскетбол федерациясы тоқсаныншы жылдардың басында пайда болды. Бүгінде аталған спорт түріне қызығушы жастардың қатары күннен күнге артып келеді. Солардың бірі аудан бойынша ең алғашқы баскетбол ойынынан спорт шеберлігіне үміткер жас спортшы - Дария Сейтқали.
Ол 2012 жылы 10 наурызда қазақ мұнайының қарашаңырағы саналатын Мақат кентінде дүниеге келген. Бүгінде Бержан Қанатбаев атындағы орта мектебінде 8-сынып оқушысы. Ол 5-сынып оқып жүрген шағында спортқа деген құштарлығы мен қызығушылығының арқасында мектептегі баскетбол үйірмесіне қатысып, осы спорт түрімен тұрақты түрде айналыса бастаған. Содан бері түрлі спорттық додаларда бақ сынып, аудан намысын республикалық жарыстарда асқақтатып жүр.
Атап айтар болсақ, ол биылғы жылдың ақпан айында Түркістан қаласында және маусым айында Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, ІІ орынды қанжығасына байлады. Одан әрі шілде айында ұйымдастырылған Атырау қаласындағы 2010-2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыста үздік ойын көрсете отырып, баскетболдан облыстың үздік 10 ойыншысының қатарына енді.
Ал, жас спортшыға осы жылдың наурыз айында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының №262 бұйрығы негізінде баскетболдан «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» спорттық атағы берілді. Одан бөлек, аудан бойынша 2025 жылдың «Үздік ойыншысы», «Үздік орталық» атағының иегері. Бүгінде жас спортшы облыстық «Барсы Атырау» командасымен бірге тәжірибе алмасудан өтуде. Осы ретте үздіксіз ізденіс пен тынымсыз дайындықты жанына серік еткен кейіпкеріміз Дария Сейтқали өзінің спорттық жолында тәлім беріп, биік жетістіктерге жетуіне себепкер болған жаттықтырушысы Ербол Мұратұлы екенін айтып өтті.
«Менің баскетбол спорт түрімен тұрақты түрде айналысуым – ол тек құмарлық емес, менің күнделікті өмір салтым десем болады. Бұл жолда жаттықтырушым Ербол Мұратұлының еңбегі орасан зор. Ол менің спортшы ретінде өсуіме үлкен рөл атқарады. Ол маған тәртіппен қатар, әр соққыға сенімді болу керектігін үйретті. Менің бүгінгі баскетболдағы мансабым – тек марапаттармен өлшенбейді. Бұл сенімділік, көшбасшылық қасиеттің жемісі деп есептеймін»,-дейді жас спортшы.
Иә, баскетбол – бұл үнемі дайындықты талап етіп, тәртіп пен төзімділікке тәрбиелейтін спорт түрі. Ал, баскетболшы болса – шеңбер мен доп арасын жалғайтын алтын көпір іспеттес. Бұл спорт түрімен айналысу нағыз шеберлікті талап етеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Дария Русланқызы да осындай қайсар мінезді бойына дарытқан аудан мақтанышы.
Б.Асхатқызы