Қазан айының алғашқы жексенбісіндегі Атырау қаласының туған күніне және 25 қазан Республика күніне орай облыс орталығындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Мақат ауданының көркемөнерпаздары мәдени-сазды концерт берді.
Алдымен делегацияны бастап келген Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполов алғы сөз сөйледі.
Ал ауданымыздың барлық дерлік беткеұстар өнерпаздарының басы қосылған концерттік бағдарлама Сая Жұмашева дирижерлық ететін аудандық Халықтық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы күйлермен және оркестрдің сүйемелдеуімен "Мәдениет саласының үздігі" КенжебикеТулебаеваның орындауындағы «Мақат түні» әнімен ашылды. Кейін республикалық байқаулардың жүлдегері Жасталап Жұмағалиев «Бала кез» және «Маржан қыз», Раушан Әлиева «Жайнай бер жастар, жаңаша», Кенжебике Тулебаева мен Бисенбай Әкімгерей «Мақат маршы», "Ардагерлер" ансамблі Шәмші әндерінен попурри және «Қызылқұмда ауылым», Думан Құрмашев пен Гүлнәр Ишанғалиева «Туған ел», Данияр Еримов пен Шакизада Қоныспаева «Туған жер» әндерін шырқап, жиналған қалың көрерменнің құлақ құрышын қандырды. "Мисс Астана-2019" сұлулық байқауының жүлдегері Айзада Хабибуллаева қобызбен «Бипыл-ай» шығармасын, Жасұлан Базарбаев қасиетті домбырамен «Таңжарбай» туындысын нақышына келтіріп орындаса, «Еркем-ай» мен "Шаттық" үлгілі би ансамблдерінің «Тойбастар», «Хорезм» және «Назбике» билері де халық тарапынан оң бағасын алды. Кештің көркін қыздыра түскен нөмірлер облысқа белгілі Ғинаятовтар отбасылық ансамблінің Құрманғазының «Қызыл қайың серпер» және «Адай» күйлерін шертулері болды. «Атырау елі» әнімен концерттік бағдарламаның нүктесі қойылды.
Негізгі бөлімнен соң сахна төріне көтерілген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Умаров мақаттық өнерпаздарға алғысын айтып, ықылас гүлін ұсынды.
Осылайша Атырау жұртын әсем ән мен күмбірлеген күйге тербеген мәдени-сазды концерт көпке дейін ел аузынан түспейтіндей болып өтті.
Асылбек Есжан