Елдегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты әр сала қызметкерлері қашықтықтан жұмыс жасауда. Мақат аудандық мәдениет бөлімі қызметкерлері де отбасының ортасында шығармашылықтарын шыңдауда.
Сахнадағы жұмыс уақытша тоқтағанымен, өнерпаздар көрерменнен ажырамақ емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайға байланысты жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін онлайн режимде түрлі шаралар өткізу туралы тапсырмасын құп көрген мәдениет қызметкерлері онлайн концерт өткізуді бастап кетті.
Сәуір айының 10 жұлдызы күні аудандық мәдениет үйінің «Халықтық» театр режиссеры және әншісі Азамат Қуатұлы әлеуметтік желі арқылы онлайн концерт берді. Instagram желісінде көрсетілген концерт талғампаз тыңдарман көңілінен шыққанын ондағы комментарийлерден аңғаруға болады. Әнші бір сағаттың ішінде 13 ән орындады. Өзінің репертуарынан бөлек халықтың сұранысы бойынша «Арқалықтың ақ таңы», «Менің әкем жақсы адам» , «Нурикамал», «Қызыл көйлек», «Жұбатуға арналады бұл әнім» т.б әндерді шырқады. Концерт соңын Азамат Қуатұлы болашақта халықтың сұранысы бойынша өзінің репертуарын жаңартып, халықтың көңілінен шығуға жұмыстанатынын айтып қорытындылады.
Мәдениет үйі өнерпаздары ұйымдастыратын онлайн концерт алдағы уақытта да жалғасады. Өнерпаздар өз үйіңізде отырып, ән шырқауға шақырады!
М.Ізтұрғанова