Жақында Ақтау қаласында дзюдодан 2009-2010 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында «Халық батырлары Иса-Досан» жүлдесіне арналған XV халықаралық турнир өтті.
Спортшыларды жан-жақты тәрбиелеу және мақсаттарын айқындап, жаңа тәсілдер мен техникаларды меңгерту мақсатында өткен турнирге еліміздің он екі облысынан және Әзербайжан елінен жалпы саны бес жүзге жуық спортшылар қатысты.
Аталмыш байрақты бәсекеде Мақат балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 48 кг салмақ дәрежесінде Жанерке Аманқұлқызы алтын және Қарақат Жолдас күміс медальдарға ие болып, аудан намысын асқақтатты.
Сондай-ақ ұлдар арасында 81 кг салмақ дәрежеде Алдияр Саматұлы жүлделі ІІІ орынды иеленіп, қола медальды қанжығасына байлады.
Осы ретте жас спортшының шеберлігін шыңдап, оған спорт жолында бағыт-бағдар беріп жүрген жаттықтырушысы Абзал Капсалимов шәкіртінен зор үміт күтетінін жеткізді.
Біз де өз кезегімізде әлемдік додаларда оза шығып, көк туымызды көкте желбіретіп, ел намысын қорғап жүрген жас спортшыларымыздың алдағы жарыстарда да жеңістің тұғырынан түспеуін тіледік.
Ботакөз Асхатқызы