Алматыда тарихи ойын өтті. Қазақстандық «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасы аясында әлемнің ең беделді командаларының бірі, турнирдің 15 дүркін жеңімпазы – «Реал Мадридті» қабылдады.
Матч басталғаннан-ақ корольдік клуб өз қарқынын байқатып, допқа толық үстемдік құрды. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауына сүйенген «Қайрат» қорғаныста бар күшін салып бақты. Дегенмен, Еуропаның алып клубына қарсы тұру оңай болған жоқ.
Ойынның басты кейіпкері Килиан Мбаппе болды. Француз шабуылшысы Қазақстан алаңында хет-трик жасап, жанкүйерлерді шеберлігімен таңғалдырды. Оның жылдамдығы мен дриблингі «Қайрат» қорғаушылары үшін үлкен сынаққа айналды. Бұған қоса, Эдуардо Камавинга мен Браим Диас та бір-бір голдан соғып, «Реалдың» басымдығын айқын көрсетті.
Қорытынды есеп — 0:5, «Реал Мадрид» пайдасында.
Жеңіліске қарамастан, «Қайрат» жанкүйерлері өз командасына ерекше қолдадау көрсетті.Мұндай деңгейдегі қарсыласпен кездесудің өзі қазақ футболы үшін тарихи сәт болып саналады.
Қазақстандық команда Чемпиондар лигасындағы келесі ойынын 10 қазанда Алматыда кипрлік «Пафосқа» қарсы өткізеді. Бұл матч «Қайраттың» турнирдегі жағдайына тікелей әсер ететін шешуші кездесу болмақ.
Ақтілек Базарбаева