Өткен жұма күні Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен оқушылар мен студенттер арасында «Көңілді тапқырлар клубы» ойыны өтті.
Аудан деңгейінде өткен шараға мектеп оқушылары мен студенттерден құралған 5 құрама команда қатысты. Атап айтсақ, Бəйгетөбе мектеп-балабақша кешенінің «Мажор», Л.Шахатов орта мектебінің «Қазына»,Х.Санбаев орта мектебінің "Санбаев фест", Б.Қанатбаев орта мектебінің "Жеңімпаздар", Мақат мұнай жəне газ технологиялық колледжінің "Доссор" құрамалары əдемі əзіл өрнегін көрсете білді.
Олар «Сәлемдесу», «Жамбы ату», «Бес жаңалық», «Сұрақ-жауап» бөлімдері бойынша сынға түсті. Әзіл кешінде көңілді тапқырлар командалары шұғылалы көктемді тілге тиек ете отырып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтерді. Көрерменін әрі күлкіге батырып, әрі ойландыра білді. Өз білім ордаларының намысын қорғап келген командалар, бар өнерін салып, көрерменнің көңілінен шығуға тырысты.
Жалпы, әзілдердің жартысы плагиаттан тұрды. Алайда аудандық сахналарда онсыз шықпайды. Әділ қазылар команданың шеберліктерін орындау сапасына, байқаудың тақырыбына сәйкестігін және шындыққа бейімделуіне қарай бағалады.
Қазылар алқасы құрамында Атырау қалалық Жоғарғы лигасының 2017 жылғы чемпионы Данабек Беріков, аудандық КТК ұйымдастырушы Әсет Хасанов, «Мырза» фотосалонының басшысы Асылбек Өтегенұлы, Доссор мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Данияр Еримов, жастар ресурстық орталығының маманы Мейрамгүл Сәпенова әзілкештерге төрелік етті. Нәтижесінде студенттерден құралған «Доссор» тобы өткір әзіл мен ұтымды қалжыңдарымен ерекшеленіп, І жүлдені еншілесе, ІІ орынды Х.Санбаев орта мектебінен қатысқан бүлдіршіндер «Санбаев фест» иеленді. Үздік үштік тізгінін бәйгетөбелік «Мажар» құрамасы қортындылады. Сондай-ақ, "Жеңімпаздар" құрамасының ойыншысы Есенбеков Ризабек жəне "Қазына" құрамасының ойыншысы Нұрқанқызы Нұрсұлу «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. Ойын жеңімпаздары диплом, кубок жəне ақшалай сертификаттарға ие болды. Қызықты да тартысты өткен сайыс кент тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА, суреттер автордікі.