Ізгі дәстүр жалғасты

(0 Votes)

Мұнайы бойындағы ізгі істерге жанасқан, ынтымағы жарасқан Доссор кенті биылғы Наурыз мерекесін ерекше дайындықпен қарсы алды. Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесін тойлау айдың 19-шы жұлдызынан бастау алды. Доссор мәдениет үйінде "Ұлыстың ұлы күні - Әз Наурыз" аталатын мерекелік шараны кенттегі "Сандуғаш", "Қарлығаш", "Қызғалдақ", "Ботақан" бала-бақшаларының ұжымы бастады. Қыс пен көктем айқасып, табиғаттың оянуы, күн мен түннің теңелуі композициялық көріністеріден орын алды.

Кимешек киген әжелер наурыз көже мен бауырсағын ұсынып, балабақша ұжымдары әуелетіп ән салып, мың бұрала би биледі. Мерекеден балалар да шет қалмады. Бүлдіршіндер ұстаздарынан қалыс қалмай, бойға біткен таланттарын ортаға салды.

Шара соңында көрермендер Наурыз дастарханына шақырылып, тәтті көжеден дәм татып, мәре–сәре болып тарқасты.

Келесі Абай, О.Сарғұнанов, Б.Қанатбаев, С.Шарипов атындағы орта мектептері мерекелік шараны жалғады. Ән мен жырдан шашу шашты. Шілдехана мен бесік тойы жарасымды сәнімен өтіп, әжелер текемет басып, сәбиге ат қою рәсімін сахналады.

Бұл - ұлық мерекенің басты құндылықтарының бірі. Түркі жұрты жаңа жылды осылайша, арқа-жарқа күйде қарсы алады. Мектеп ұжымдары да осы үрдістен жаңылмады.

Наурыздың 21 жұлдызында Мақат мұнай және газ колледжі, аудандық тарихи-өлкетану мұражайы, аудандық мемлекеттік мұрағаты, кент кітапханаларының бірігуімен мерекелік шара жалғасын тапты.

Қыдыр атаның ақ батасын алған көпшілікке аластау рәсімімен жеті ана ортаға шығып, әз- Наурызды қарсы алды. Тәттіден шашу шашылып, мереке концерттік бағдарламаға ұласты. Студенттердің әзілі, мұғалімдерінің сахналық көрінісі жиналғандардың жүзіне шат күлкі үйіртті.

Қазақы нақышта киінген жастар, ұлттық тағамдар, айналаны кернеген әсем әуен, тәтті би мен күмбірлеген күйден құралған шара көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш соңында кент әкімі Ербол Ермағамбетов тұрғындарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT