СПОРТ – АДАМНЫҢ ДЕНЕСІН ШЫНЫҚТЫРЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, МІНЕЗІН ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН, ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН МАҚСАТКЕРЛІКТІ ҮЙРЕТЕТІН ӨМІР МЕКТЕБІ. ОЛ – САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНЫҢ БАСТЫ КЕПІЛІ ЖӘНЕ ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ. ӘСІРЕСЕ ЖАС ҰРПАҚТЫҢ БОЙЫНА ЖІГЕР МЕН ТӘРТІПТІ СІҢІРУДЕ СПОРТТЫҢ РӨЛІ АЙРЫҚША.
Сол спорт түрлерінің бірі –дзюдо. Жапон елінен бастау алған бұл күрес түрі бүгінде әлемнің көптеген мемлекетінде кеңінен дамып келеді. Дзюдо – тек қана қарсыласты жеңу өнері емес, ол – парасат, сабыр, әдеп пен төзімділікті талап ететін философия. Бүгінде елімізде дзюдо күресі қарқынды дамып, талай жас спортшыларымыз халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Осындай жас дарындардың қатарында ауданымыздың мақтанышы, Мақат кентінің тумасы Заманбек Бақтығали да бар. 2008 жылдың 20 мамырында дүниеге келген ол – аудандағы спортқа шынайы жанқиярлықпен берілген жас өрен. Көп балалы отбасында өскен Заманбек бала күнінен спортқа бір табан жақын болып, алға қойған мақсатына жету жолында аянбай еңбектеніп келеді.
Алғаш білім есігін Х.Санбаев атындағы орта мектебінде ашқан Заманбектің спортқа бейімін байқаған әкесінің досы, дзюдо күресінің жаттықтырушысы Ерлан Шынтасов оны өз үйірмесіне шақырады. Осылайша, 2016 жылы ол ресми түрде дзюдо спортына қадам басып, кәсіби жолын бастайды.
«Мен сегіз жасымнан бері дзюдо күресімен айналысып келемін. Алғаш Ерлан ағайым дзюдо күресіне келуіме ықпал болды. Әрбір жаттығуда өмірлік сабақпен бірге спортты сүюді үйреткендігінің арқасында мен талай жетістіктерге жетудемін. Дзюдо – жай ғана спорт емес. Бұл тәртіп, табандылық, өз-өзіңе деген сенім. Дзюдо – менің таңдауым, ал татами – менің өмірім»,- дейді Заманбек. Бірінші жарыстарынан-ақ олжалы оралған жас спортшы өзіне деген сенімділікті арттырып, республикалық және халықаралық ареналарда көзге түсе бастады. Қысқа уақыт ішінде дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы кубогінің қола жүлдегері, Азия кубогінің жүлдегер жеңімпазы, Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының мүшесі атанды.
Бүгінде оның басты мақсаты– алдағы ірі додаларда ел намысын лайықты қорғау. Заманбек қазір өз бапкері Абзал Қапсәлімовпен бірге қарқынды дайындық үстінде. Қазіргі таңда ол Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында 11-23 тамыз аралығында Азия чемпионаты алдындағы оқу-жаттығу жиындарына қатысуда.“Алдағы уақытта халықаралық деңгейде өтетін жарыста ел намысын қорғау үшін күндіз-түні дайындықты пысықтап жатырмыз. Бұйырса көк байрағымызды желбіретеміз деп ойлаймын! Бәрі алдағы күннің еншісінде…”,- дейді жас спортшы.
Иә, Заманбек 11-12 қыркүйек күндері Индонезияда өтетін Азия біріншілігінде бақ сынамақ.
“Бұл спортта тек физикалық күш қана емес, психологиялық дайындық та маңызды. Заманбек екеуміз бір жылға жуық бірге жұмыс істеп келеміз. Ол үнемі өзін жетілдіруге тырысады. Азия чемпионатына тыңғылықты дайындалып жатыр, мен оған сенемін”,-дейді бапкері Абзал Қапсәлімов.
Заманбек Бақтығали –ауданымыздың ғана емес, ел спортын өрге сүйрейтін болашағы зор спортшы. Спорт күні қарсаңында біз оған мықты денсаулық, жеңісті жол және жаңа белестерді бағындыруын тілейміз.
Ж.ҚАМЗА