Бүгін ауданда өткен еркін күрестен республикалық турнир өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды.
Марапаттау рәсіміне аудан әкімінің міндетін атқарушы Әсел Қаржауова, аудан прокуроры Магилан Рахимов, аудан әкімі аппаратының басшысы Бекбол Қуатов, сондай-ақ өңірдегі спорт ардагерлері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Мұса Баймұхановтың 115 жылдығына орай еркін күрестен 2010-1011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы турнирге еліміздің түрлі аймақтарынан және Ресей Федерациясынан келген 400-ге жуық жас балуан қатысып, боз кілемде өз шеберліктерін паш етті.
Тартысты өткен бәсеке барысында әр салмақ дәрежесі бойынша оза шапқан спортшылар дипломдар, медальдар және арнайы кубоктармен марапатталды.
Сонымен қатар, үздік өнер көрсеткен балуандар мен олардың бапкерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Бұл турнир жас балуандардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында елжандылық пен рухани-патриоттық қасиеттерді қалыптастыруға зор үлес қосты.
Айта кету керек, жарысқа аудан атынан қатысқан 70 спортшысының 4-еуі алтын, 3-еуі күміс, 15-і қола медалді еншіледі.
Бұл — жергілікті бапкерлер мен жас спортшылардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Ж.Қамза
Сурет автордікі