Атыраулық Азия жүлдегері сәттілік сырымен бөлісті

(0 Votes)

Біз Республика күні қарсаңында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Ханчжоуда (Қытай) өткен ХIХ жазғы Азия ойындарында Су добынан ерлер бәсекесінде Қазақстан құрамасы сапында қола жүлдені жеңіп алған Егор Белоусовпен сұхбаттасып, сәттілік сырын сұрадық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

– Алдымен өзің туралы өз аузыңнан естісек...

– Менің спорт саласындағы алғашқы жетістігіммен құттықтап, арнайы хабарласып жатқаныңызға рахмет. Сіз меннен сұхбат алып отырған алғашқы тілшісіз. Сондықтан сәл-пәл қобалжып та тұрмын. Өзіме келсем, мен 2007 жылдың 26 мамырында Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келдім.

– Бұл күні елімізге белгілі өлкетаншуы-журналист атыраулық Өтепберген Әлімгерейұлы туған. Ендеше, сен де сол кісідей ел мақтанышы бол демекпіз!

– Рахмет! Атырауға көшіп келгенімізге де 34- жыл болды. Осындағы А.Пушкин атындағы №20 мектепте білім алдым. Ал, тоғызыншы сыныпқа келгенде Астана қаласына ауыстым. Қазір сол жақта 11-сыныпты аяқтап жатырмын.

– Сонымен, спортқа қалай келдің?

– Мен, анам және ағам үшеуміз Жайықтың жағасында қыдырып жүріп, қазіргі жаттықтырушым Ернұр Рзбекұлын кездестірдік. Ол су добынан команда құрамына бала жинап жатыр екен. Бұл кезде ағам екеуміз бес жаста едік. Содан бапкер бізді шақырып, суда жүзуді үйретті. Осылайша, мен жеті жасымда су добымен айналыса бастадым.

– Демек, жаттықтырушың Ернұр Қойлиев екен ғой...

– Иә, ұстазым әлі күнге дейін маған шалқар шабыт сыйлап, қайратымды қайрап, жігерімді жанып келеді. Сол үшін де оған шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Айтпақшы, ол өзі де кезінде осы Қытайда өткен Азия біріншілігінде күміс жүлде жеңіп алған болатын.

– Жетістіктерің мен жеңістерің туралы да айта отырсаң.

– 2021 жылы Алматыда өткен Динамо чемпионатында бірінші, 2022 жылы ерлер чемпионатында екінші, 2007-2008 және 2006-2007 жылы туғандар арасында өткен екі ел біріншілігінде үшінші және ерлер арасындағы Азия чемпионатында үшінші орын алдым. Сол сияқты, биыл Сербияда өткен халықаралық турнирде бірінші орын иелендім! Ал, Азия ойындарында ұлттық құрама сапында үшінші орын иелендім.

– Бәрі сенің 195 сантиметрге жетіп қалған бойыңа қызығады екен. Ұлттық құрама сапында ең жас спортшы болу қиын емес пе?

– Осымен 29-шы рет өткен Азия ойындарында мен қорғаушы позициясында сәтті ойын өрнегін көрсете алдым. Онда 45 мемлекеттің спортшылары қырықтан астам спорт түрінен бақ сынады. Біз үшінші орын үшін Иран құрамасына қарсы ойнадық. Тартысқа толы бәсеке оңайға соқпады. Кездесудің негізгі уақыты 7:7 есебімен аяқталды. Ойын тағдырын буллит сериясы шешті. Сөйтіп, 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан Туын желбіреттік. Бұл – менің карьерамдағы алғашқы жарқын жеңісім болды.

– Алдағы жоспарыңмен бөліссең...

– Алға қойған маңызды міндеттердің бәрін орындап, арман-мақсаттарыма қол жеткізуді ойлаймын. Өнегелі де бақытты өмір сүріп өткім келеді.

– Сонда арманың қандай?

– Алғашқы арманым – тура төрт жылдан кейін өтетін Азия ойындарында бірінші орын алу. Екіншісі – Олимпиада ойындарына жолдама алу.

– Бос уақытта немен айналысасың?

– Ауыр жаттығулардан кейін қайта қалыпқа келуге жұмыстанамын. Қыдырып, өзімді жан-жақты дамыта түсуге тырысамын.

– Уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап бергеніңе рахмет!

Әңгімелескен: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT