Жуырда Шымкент қаласында каратэ-до шотоканнан жапондық 8 дан қара белбеу иегері Шихан Манабу Муракамидің жетекшілігімен оқу-жаттығу семинары және Әлем кубогі өтті. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық додаға 10 елден 600-ге жуық спортшы қатысты. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған спорттық додаға ҚР каратэ-до шотокан федерациясының президенті, 7 дан қара белбеу иегері Фарит Аюпов спортшыларға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
Аталған ауқымды жарысқа Атырау қаласындағы №6 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен және “Ұрпақ” спорт мектебінен 10-13 жас аралығындағы сегіз жас спортшы алғаш рет қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Қарсыластары мықты болғанына қарамастан, спортшылардың тырысуы мен жеңіске ұмтылысы мақтауға лайықты болды. Жарыс барысында жүлделі орындарға ие болмағанымен, үш спортшы — Исмаил Бақтияр, Әлихан Ізғали, Алихан Ғалымжан «Жеңіске деген жігері үшін» медалімен және дипломмен марапатталды.
-Әлем кубогінде жүлде алмасақ та, бұл сынға біздің спортшылардың қатысуы — үлкен жеңіс. Олар тек жарысқа қатысып қана қоймай, үздік өнер көрсетті. Осындай халықаралық жарыста бақ сынау спортшылардың болашаққа деген сенімін нығайтып, тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Біз бұл жарысқа тек жеңіс үшін ғана емес, тәжірибе мен білім алу үшін де қатыстық. Спортшылар өз шеберліктерін ортаға салып, өздерінің үлкен мақсаттарына қол жеткізуге дайын екенін көрсетті. Екі жылдан бері каратэмен шұғылданып жүрген жас каратэшілер бұл жаңа деңгейдегі додаға қатысып қана қоймай, өз шеберліктерін шыңдап, халықаралық жаттықтырушылардың сабақтарын да тамашалады. Алдағы уақытта біз одан әрі жаттығып, жаңа белестерді бағындырамыз, – деді жаттықтырушылар Аманғали Өтебалиев пен Абат Елжасұлы.
Әлем кубогінен оралған спортшыларды Атырау теміржол вокзалында ата-аналары салтанатты түрде қарсы алды. Спорттық додаға қолдау білдірген №6 БЖСМ директоры Аманжол Сағынғалиұлына және «Ақжелкен» шығармашылық орталығының директоры Нұрберген Әбдірешұлына алғыс білдірілді.
Алмас ҚАБДОЛОВ