Асылбек - спорт шебері (+ВИДЕО)

(0 Votes)

Мақат балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2017 жылдан бері ауыр атлетика үйірмесі жұмыс жасап келеді. Бір қуантарлығы облысымызда спорттың осы түрінің кеңінен таралуы бойынша ауданымыз Атырау қаласымен қатар көштің басында тұр. Оған басқа аудандарда үйірменің жоқтығы себеп. Амир Қосмұрзиевтің шәкірттері бүгінде біраз белестерді бағындырып үлгерген еді. Жақында Жетісудан тағы бір жағымды жаңалық келіп жетті. 

5 сәуір күні Талдықорған қаласында 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан жеке жаттығулар бойынша Қазақстан Республикасының біріншілігі бастау алған болатын. Байрақты бәсекеде облыс намысын 7 спортшы қорғаса, оның 6-уы жергілікті спорт мектебінің тәрбиеленушілері. 49 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Асылбек Жолдасқали жұлқа көтеруден 76 келі темірді көтеріп тамаша нәтижені көрсетті. Ал серпе көтерудің кезегі келгенде 89 келіні бағындырып, талдықорғандық қарсыласынан есе жіберіп алды. Сайыс нәтижесінде жерлесіміз жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс қорытындысы бойынша да ІІ орынға ие болды. Осылайша «Қазақстан Республикасының спорт шебері» нормативын орындады.

Сейсенбіге дейін жалғасатын жарыста әлі де өнер көрсететін жерлестеріміз бар.

А.ЖҰМАБЕКҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT