Жедел жәрдем - жанқияр еңбек жемісі

(0 Votes)

Адам баласының денсаулығы «сыр беріп», өміріне алаңдаулы жағдайға түскен сәтте  алғашқы болып қол ұшын беретін – әрине, ақ халатты абзал жандар. Адам жанының арашасы саналатын мамандық өкілдерінің еңбектері кей кезде еленбей де жатады.

Жанымыз қысылғанда жанымыздан табылатын жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысымен жалпақ жұртты таныстыру үшін Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының  Доссор бөлімшесінің мамандарымен бір күнімізді өткізген едік.

Доссор жедел жәрдем бөлімшесі жергілікті емхананың бір бұрышын жалға алып отыр. Себебі 2018 жылдың наурыз айынан тікелей Атырау жедел жәрдем станциясына қарайды.

«Құтты қонақ келсе, қой егіз табар, - дегендей біздің барған күніміз су жаңа жедел жәрдем көліктерін түнгі кезектен кейін алғаш рет күндізгі кезекке шығарайын деп тұрған күндері екен. Емхана ауласында жүргізуші  мен қос фельдшер жаңа көлікке көз тоймастан қарап, ішіндегі құрылғыларын тексеріп жүрді. Бұлар күндізгі кезекке келген бригада. Бөлімшеде барлығы 10 фельдшер және 4 жүргізуші қызмет етеді.

Күндізгі кезек таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін, ал түнгі кезек сағат 17:00-ден келесі күнгі 09:00- ге дейін созылады. Доссор жедел жәрдем бөлімшесінде жүргізуші  қызметінде 10 жылға жуық қызмет атқарып келе жатырған  Алтынбек Бисенғалиев Доссор селолық ауруханасының құрамынан бөлек шыққан соң  көлікжай мәселесі қиындап кеткенін айтады.

jedel-jardem-1

Көлік бұзылса, далада жөндеуден басқа амал қалмайтын көрінеді. Екі ортадағы әжетханаға баратын есіктің жабық тұрғандығы да  фельдшерлерге жайсыздық туғызып жүр.

Ал емхана ауласының кіреберісіндегі күзетшілер мен жүргізушілер отыратын жерде қыстыгүні бой тасалау мүмкін емес екен. Ауыл шетінен жедел жәрдемге арналған жаңа нысан бой көтереді деген жоспардың бар-жоғын бүгінде дөп басып айту қиын. 

Фельдшерлер  Мәншүк Сатанова мен Гауһар Қадырғалиқызымен жақын таныстық.  Мәншүк 2013, ал Гауһар 2014 жылдан бері осы салада еңбек етеді. 

«Қоңырау Атырауға түседі де, бізге планшет арқылы келеді. Әр шақыртудың өз категориясы болады, 1 категориядағы науқастарға 10 минутқа дейін, 2 категроияға 15 минутқа дейін, 3 категорияға 30 минутқа дейін және 4 категорияға 60 минутқа дейін жетіп болуымыз керек. Бірақ 4 категориядағы науқастарға емхана мейірбикелерінің өздері баратын болды. Соның өзі біздерге біраз жеңілдік болды. Егер, 2 мен 3-інші категориялы шақырту қатар түссе, төменіне, яғни 2-ге барамыз. Күніне орташа есеппен 5 пен 15-тің арасында шақыртулар болып жүр», - дейді Мәншүк Сатанова.

Әріптесінің сөзін жалғаған Гауһар: «Емхана ауласындағы көліктің бәрі біздікі деп ойлайды. Бүгінге дейін ескі УАЗ маркалы жалғыз автокөлігіміз болды. Шақырту көп болып, кезекте бір бригада жүрген кездері ғана жедел жете алмай қалып жүрдік. Бірнеше жыл дегенде екінші көлікке қолымыз жетіп отыр. Коронавирустың екінші толқыны туған жағдайда қажеттілік болса, енді қатарынан екі бригада болып шыға аламыз», - деді.

Қыздардың айтуынша, халық жазғы уақытқа қарағанда қыста, күндізгі уақытқа қарағанда кешке жедел жәрдемнің көмегіне жиі жүгінеді. Әсіресе, кешкі астан кейінгі уақыт нағыз «час пик» деседі. Арқаны кеңге салып, сыр-сұхбат жүргізіп отыруымыздың өзі түскі уақытқа дейін планшетке ешқандай хабарлама келмегендігінің арқасында еді.

Сағат күндізгі 13:00 шамасында алғашқы шақырту түсті. Тез арада өт жолдарының ауруына шағымданған науқастың үйіне жеттік. 64 жасар әйел адамға алғашқы көмек көрсетіліп, инъекция салынды. Сырқаттың үйінен шыға бере, 1 категориядағы қант диабетімен ауыратын науқастың жағдайы күрт нашарлап жатыр деген хабарлама келді. Жедел жәрдем көлігі 4 минутта мекен-жайдан табылды. Айта кететіні, фельдшерлер планшет арқылы барған кезде бардық деп, шыққан кезде шықтық деп белгі береді. Солайша жолға қанша минут жұмсағандарын көрсетіп отырады.

jedel-jardem-2

32 жасар әйел адам бала күнінен қант диабетімен есепте тұрған көрінеді. Есінен айырылуға сәл қалып жатқан науқастың тамырларына дәрі құйылды да, шұғыл түрде емханаға жеткізіліп, дәрігерлерге тапсырылды. Дәрігерлердің көмегімен науқастың жағдайы жақсарды. Күндізгі кезектің уақыты қысқа болғандықтан, көп күттірмей сағат 17:00-ді көрсетті. Сол тұста 4 категориялы шақырту түсіп, мейірбикелерге тапсырылды.

Түнгі кезекке келгендер  30 жылдық тәжірибесі бар аға фельдшер Дина Аманшиева және 2012 жылы оқу бітіргенінен бері осы мекемеде жасайтын Айнұр Орынбасарова. «Бұрынырақта үлкен кісілер көп еді, қазір бәрі зейнетке шықты. Ең үлкені - мен, қалғандары - жастар. Атыраудағы басшылық керек-жарақтың барлығымен қамтамасыз етуде. Қиындықтың көкесін пандемия кезінде көрдік. Өзіміз ауырып жүрсек те, жұмыстан қалмадық. Еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсеткен қарамағымдағы қыз-жігіттеріме ризамын. Ол кезде жүргізушілер азын-аулақ үстемақы қосылғанымен, фельдшерлер тек аса ауыр жағдайда жеткізіліп, емханаға жатқызылған науқастар үшін ғана қосымша табыс алды.

Халықтың алғысын қанша арқаласақ, сонша түсініспестігіне тап боламыз. Бірде кішкентай бала бөтен затты жұтып қойды деген хабарлама түсіп барсақ, жай ғана ангина екен. Бірақ ата-анасы сенбей, әбігерге түскеніміз бар. Сондай-ақ, ата-аналар балалардың қызуы көтерілсе, дәрімен емдемей, аурудың себебін анықтамай, қызу түсіретін қоспа салдыртуға құмар», - дейді Дина Аманшиева.

Күн қарауыта, түнгі кезектегі алғашқы шақырту түсті. Аяғы ауыр келіншек өзін жайсыз сезінген екен. Жүктіліктің алғашқы кезеңі болғандықтан, науқасқа не істеу, не ішу керектігі бойынша кеңес берілді. 

Жедел жәрдем шақырған жандарға сол күні немесе келесі күні дәрігерлер барып кететінін айта кету керек. Кезекті мекен-жайдан шыққан жедел жәрдем бригадасының көлігі ауылдың бір шетінен келесі шетіне жүйтки жөнелді. Олардың жұмысы енді қыза бастағанымен, таңертеңнен бері жүрген менің жұмыс күнім әлдеқашан аяқталғандықтан, денсаулық сақшыларына сәттілік тілеп, қала бердім.

Фельдшерлердің сөздеріне сенсек, жанжалдасып қалғандар тікелей бөлімшеге келіп, құқық қорғау органдарына хабарламастан, жарасын жазып беруді талап еткен кездері де болған. Әртүрлі қауіп-қатерге қарамастан, өз істеріне адал жедел жәрдем мамандары қандай мақтауға да лайық. Өздерін «дипломсыз дәрігер» атайтын қыз-жігттер әлі талай жанды ажал апанынан аман алып қалатынына күмәніміз жоқ.

А.ЕСЖАН

Cуреттер автордан

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521