Доссор мәдениет үйінің жазғы сахнасында «Зиянды әдеттен аулақ бол!» атты шара өтті. Мәдениет үйі ұжымы және ерікті жастардың ұйымдастыруымен өткен шара жас буынды зиянды әрекеттерден аулақ болуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақыруды мақсат етті.
Кеш барысында сахна төріне көтерілген Доссор селолық ауруханасының нарколог дәрігері Сәлима Тәжібаева зиянды дерттің алдын алу және оған қарсы күрес жолдарын айтты.
Одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Мәдениет үйі ұжымы көрермендерге ой саларлық «Айықпас дерт» қойылымын сахналады. Сондай-ақ, кеш барысында әсем ән шырқалып, мың бұралған бишілер де әдемі билерін тарту етті.
Әзілкеш жігіттер де сахна төрінен табылып, көрермендерді күлкіге қарық қылды. Жастар мәдениеті, соның ішінде салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға шақыруға арналған шара өз мақсатына жетті.
М.ІЗТҰРҒАНОВА