Тамақсыз бірнеше апта, сусыз – бірнеше күн, ал ауасыз – бірнеше секунд қана өмір сүруге болады.
Дәл осы ауаның экологиялық жағынан қатты ластанғанын ескерсек, өкпеге баратын ауаның қаншалықты кір екендігін елестетіп көріңізші...
Ал шылым шегетін адамның өкпесіне тарайтын түтіннің әсері одан да сорақы екені хақ. Темекі түтіні адамның барлық мүшелеріне, әсіресе тыныс жолдарына қауіпті әсер етеді. Қазіргі таңда ауаның құрамында оттегінің кемуіне және көміртегінің артуына қатысты (оған темекі түтіні мен автомобиль газын қосыңыз) мәселені есепке алсақ, тыныс жолдарын зақымдайтын аурулардың артқандығын білеміз.
Темекі шегетіндер көптеген қиындықтарға тап болады. Біріншіден, шылым шегуші темекіге деген тәуелділіктен өз бетінше арыла алмайды. Екіншіден, одан құтылу үшін көптеген қаржы жұмсау қажеттілігі артады. Үшіншіден, аз-аздан зақымдалған ағзаға біртіндеп көптеген аурулар «қоныстай» бас-тайды. Кейін олардың темекі шегетін ата-анадан балаға «көшетінін» тағы бір есептеп қойыңыз. Оның үстіне темекі түтіні шылым шегушінің ғана емес, оның жанындағы адамдардың да денсаулығына зиян тигізетінін қосыңыз. Сонда бір темекінің бір адамның емес, қоғамның денін құртатынына көз жеткізуге болады.
Бір мезет ойланып, салауатты өмір салтына аяқ басыңыз. Сонда, сіз соңғы темекіңізді тастаған соң:
20 минуттан кейін
Қан қысымы мен тамырдың соғуы тұрақталып, қалыпқа келеді. Қан айналымы, аяқ пен қол температурасы жақсарады.
8 сағаттан кейін
Темекі шегуден бас тартқан соң, қандағы көміртегі тотығының деңгейі төмендеп, оттегі деңгейі айтарлықтай арта түседі.
24 сағаттан соң
Қандағы көміртегі тотығы толығымен қалпына келеді. Содан соң өкпеден жағымсыз әдетпен әуестенген уақыт бойы жиналған сілемей мен бөгде уытты заттектер шығарылып, тыныс алу әлде қайда оңайырақ болады. Темекі шегу кезінде зақымдалған жүйке талшықтары қайта қалпына келе бастайды. Енді Сізге жеткен жеңісіңізден ләззат алып, өзіңізді құттықтауыңызға болады!
Р.ТАЙШЕКЕНОВА,
аудандық аналар кеңесінің мүшесі, кардиолог дәрігер.